Әкімдік ғимаратын тазалауға 150-ден астам волонтер қатысты

16 Қаңтар 2022, 13:20
1707
Бөлісу:
Әкімдік ғимаратын тазалауға 150-ден астам волонтер қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі таңда алматылықтар қаладағы бүлік салдарын жоюға білек сыбана кірісіп кетті. Жақында қала әкімдігінің өртенген ғимаратында да аумақты тазарту жұмыстары басталды. 

Ғимаратты тазалауға құрылыс компанияларының, мердігерлік және волонтерлік ұйымдардың өкілдері, Алматы тұрғындары қатысты. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрайымы Лима Диастың айтуынша, қалалық әкімдіктегі тазалау шараларын жүргізуге жергілікті еріктілер ғимараттағы тазарту шаралары аяқталғанға дейін көмек көрсететін болады.

Елдің жекелеген аймақтарында төтенше жағдай режимі жарияланған соң, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы, республикалық Вirgemiz еріктілер фронт-офисі және Ұлттық еріктілер желісі бірыңғай еріктілерді үйлестіру орталығын құрды. Мұнда біз еріктілерге қазақстандықтарға көмек көрсетуде ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеміз. Қазір әр өңірде волонтерлер штабы жұмыс істейді. Өңірлік штабтарда ТЖ режимінің алғашқы күндерінен бастап біз тәртіпсіздіктердің салдарын жоюға бағытталған жұмысқа көмектесуге дайын волонтерлер тізімін құра бастадық. Бүгін елдегі жағдай біршама тұрақтанғандықтан, Алматы қаласындағы штабтың волонтерлері өртенген қалалық әкімдіктің ғимаратын тазарту жұмысына қатысу үшін сенбілікке шықты. Біз бұл жұмысқа волонтерлік ұйымдарды барынша тартуға тырыстық. Сенбілікке каскадерлар клубы, Жансая Әбдімәлік щахмат клубы, Волонтерлер лигасы, Ұлттық еріктілер желісі, мүгедектер қоғамы, Лидер КЗ, Наркостоп, Қызыл крест, Top.kz, «Жас Отан» жастар қанаты, «HAQ» ҚБФ сияқты ұйымдардың 150-ден астам волонтерлері қатысты. Қала әкімдігінің аумағын тазарту жұмыстары бір күнде аяқталмайтыны анық. Біздің волонтерлер барлық сенбіліктерге шығатын болады, - деді Лима Диас.

Сонымен қатар, алматылық еріктілер бүгінгі таңда көмекке мұқтаж тұрғындарға азық-түлік себеттерін таратып, қан тапсыру акцияларына, тәртіпсіздік кезінде жоғалып кеткен адамдарды іздеуге қатысуда, сондай-ақ психологиялық көмек көрсетуге арналған 1414 жедел желі жұмысына қосылған.

Еске салайық, жаппай тәртіпсіздіктер орын алған кезде Алматы әкімдігінің ғимараты толықтай жанып кеткен болатын. Кешен 1980 жылы салынған. 1991-1994 жылдары мұнда Президенттің резиденциясы, кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі орналасты. 1999 жылдан бастап ғимаратта қала әкімдігі орналасқан.

Өзгелердің жаңалығы