Әкімдер сайлауы: Ақтөбе облысында үш ауданда әлі үміткер ұсынылмаған

2 Қазан 2023, 19:37
969
Бөлісу:
Әкімдер сайлауы: Ақтөбе облысында үш ауданда әлі үміткер ұсынылмаған
Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ - архив

Биыл 5 қарашада Ақтөбе облысында үш ауданның халқы өз әкімдерін сайлайды. Алайда аудандарда сайлаудың тағайындалғанына екі апта өтсе де, әлі күнге дейін үміткерлер ұсынылмаған, құжаттар қабылданбаған, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Сайлау өтетін Қобда, Ырғыз, Ойыл аудандарында бүгінде 28 мыңнан астам сайлаушы бар. Қазіргі таңда үш аудандағы аумақтық сайлау комиссияларына бірде-бір үміткер құжатын тапсырмаған.

Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Асылжан Бүркіталиннің айтуынша, егер 5 қазанға дейін аудандарда әкім болуға үміткерлер ұсынылмаса, құжат тапсырылмаса, онда кандидаттарды ұсыну кезеңінің мерзімі ұзартылады.

 Егер аудан әкіміне үміткер ұсынылмаса онда оның уақыты созылады. Немесе қазір аудан әкімі болып отырған тұлға екі үміткерді ұсына алады, әкімнің бұл тұрғыда ұсыныс жасауға құқығы бар. Кеше ғана «Amanat» партиясының аудандардағы филиалдарында осыған қатысты конференция өткізілді. Алайда әзірге облыстағы партиялардың ешқайсысы үміткерлерін ресми түрде ұсынған жоқ, — дейді ол.

5 қарашада аудан әкімі сайланатын Ойыл ауданында әлі күнге дейін партия тарапынан да, жеке адамдар арасынан да үміткерлер ұсынылмаған.

 5 қазанға дейін үміткерлер ұсынылуы керек, кандидаттар 10 қазанға дейін тіркеледі. Әзірге өзін-өзі ұсынғандар жоқ. Екі аптадай уақыт өтті, әлі ешкім келген жоқ. Қазақ қай нәрсені де тек жақсылыққа жоримыз ғой. Алда уақыт бар, келеді деп үміттенеміз. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, сайлау тағайындалмай тұрғанда «осы кісі сайлауға түседі екен» деген азаматтардың бірде-біреуі келмейтінін естіп отырмыз. Ал заң бойынша бұрынғы әкім қайта сайлана алады. Кешегіде «Amanat» партиясы конференция өткізіп, қазіргі әкімді ұсынатынын шешкен, дегенмен бізге ресми құжаттар тапсырылған жоқ. Қазір әкім жұмыс орнында жоқ, облыс орталығында жүр, — дейді Ойыл аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Бисекенов.

Оның айтуынша, қазіргі аудан әкімі Асқар Қазыбаев 2019 жылдың шілде айында тағайындалған. Заңға сәйкес пилоттық жоба болған соң бұрынғы тағайындалған әкім бұл жолы сайлауға түсуіне болады.

 Заңға сүйенсек, бір өңірде әкім 4 жылдан екі рет сайлана алады. Сондықтан партия тарапынан ұсынылса, Асқар Қазыбаев үміткер бола алады. Аудан тұрғындары қазіргі әкім қайта сайланса қарсы болмайды деп ойлаймын. Ол енді халықтың дауыс беруіне байланысты, — дейді Берік Бисекенов.

Ойыл ауданының тұрғыны Әлкей Жолмырзаұлының айтуынша, сайлау жаңа әкімді сайлау үшін өткізіледі. Ал қазіргі әкім қайта сайланса, ауданда ешқандай жаңашылдық, оң өзгеріс болмайды.

 Қазіргі отырған әкімнің жұмысына көңіліміз толмайды деп айта алмаймыз. Дегенмен ол кісі осы ауданды төрт жыл басқарды. Енді ауданға жаңашыл, талапшыл, жан-жақты азамат келсе деген тілегіміз бар. Негізі ауылдық жерлерде әкімдерді 3-4 жыл сайын өзгертіп тұрған дұрыс, сонда талап та, тәртіп те, бәсеке де, даму да болады. Әйтпесе әкім бір орынға көп жыл отырса, халық үйреніскен соң жайылып кетеді, мемлекеттік қызметшілер өзімсініп жұмыс жасамайды,— дейді аудан тұрғыны.

Ырғыз бен Қобда да «ахуал» осындай. Аудандық комиссия төрағаларының айтуынша, сайлау тағайындалған 16 қыркүйектен бастап аудандарда «өзгеріс» жоқ.

 Ұсынуды әлі күтіп отырмыз. Негізі кандидаттарды тіркеу 10 қазан күнгі кешкі сағат 18.00-ге дейін жүзеге асырылады. Алайда сайлаудың тағайындалғанына екі аптадай уақыт өтсе де, партиялардан да, өзін-өзі ұсынатындардан да құжаттар қабылданған жоқ. Тек осы аптада бір адам құжаттарын дайындап жатқанын жеткізді, енді оны комиссияға жібереді. Ол комиссиядан өте ме, жоқ па, белгісіз. Негізі бұл адам Ақтөбе қаласында тұратын Ырғыз өңірінде туып-өскен азамат. 1975 жылы туған, — дейді Ырғыз аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Болат Итібаев.

Оның айтуынша, бұл ауданда биыл сайлауда дауыс беретін 8299 адам тіркелген. Аудандағы сайлау учаскелерінің жалпы саны — 22.

Ырғыз ауданындағы «Amanat» партиясы филиалының атқарушы хатшысы Абат Баймұқановтың айтуынша, алдағы күндері аудан әкіміне үміткер ретінде аталған партия атынан қазіргі әкім Нұрлан Қызбергенов ұсынылмақ. Ал бұған аудан тұрғындары не дейді?

Меніңше, қазіргі әкімді қайта сайлау дұрыс емес. Басқа адамды ұсыну керек. Сонда ауданда әкім болатын басқа азаматтар болмағаны ма? — дейді аудан тұрғыны Қ.Баймұханбетов.

Ең қызығы, партия Нұрлан Қызбергеновтен басқа үміткер жоқ екенін алға тартады. Ал қазір ауданды басқарып отырған әкім халық қайта сайласа әкім болудан қашпайтынын жеткізді.

 Менің кандидатурамды «Amanat» партиясы ұсынғалы жатқанын білемін. Мен бұл партияның құрамында 25 жылдан бері мүшемін. Ырғыз ауданының әкімі болып 2022 жылдың 17 ақпанында тағайындалдым. Мені үміткер ретінде ұсынса, оған қарсылығым жоқ. Сайлаудың бағыты дұрыс. Әрбір ел азаматы заңға сәйкес өзін-өзі ұсынуына мүмкіндігі бар. Егер халық қайта сайласа, менің елге қызмет еткім келеді, жұмыстағы «темп» қазіргіден жоғары болмаса, төмен болмайды. Бүгінге дейін ауданға адал қызмет етіп келемін, — дейді аудан әкімі Н.Қызбергенов.

Ырғыз ауданында көп жыл білім саласында қызмет еткен, елге жанашыр азамат Қуаныш Айтқұловтың айтуынша, қазіргі әкім ауданда мемлекеттік қызмет саласында 17 жыл жұмыс жасаған.

Ырғыздың жанашыр азаматы ретінде айтарым, әкім елге жаны ашитын, халыққа жағдай жасайтын азамат болуы керек. Өзгеріс керек, іс керек. Қазіргі отырған әкім — интеллектуалы, мүмкіндігі бар азамат. Дегенмен ол өзінің мүмкіндігін ауданда қызмет жасаған 17 жыл ішінде пайдаланып болды. Бірақ оның білімі, тәжірибесі елімізге аса қажет. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бұрын істемеген істерін атқарады деп жатса ол бөлек әңгіме, — дейді білім саласының ардагері.

Сонымен, қорытсақ, үш ауданда комиссияға құжатын өткізген, әкім болуға құлшынып отырған үміткер жоқ. Комиссия төрағаларының ендігі үміті — осы аптада.

Сонда елге, ауылға қалтқысыз қызмет еткісі келетін білімді азаматтар қайда? Неге көпшілік әкім болуға құлшынбайды? Сіз не ойлайсыз, оқырман?...

Өзгелердің жаңалығы