Әкімдер айналасына блогерлерді жинап алып, депутаттарға тиіседі – Жаңбыршин өзіне жасалған «шабуыл» туралы

7 Маусым 2023, 16:05
1922
Бөлісу:
Әкімдер айналасына блогерлерді жинап алып, депутаттарға тиіседі – Жаңбыршин өзіне жасалған «шабуыл» туралы
Фото: Артём Чурсинов Архив

Депутат Еділ Жаңбыршин өзіне және отбасына жасалған кибершабуыл туралы айтып, «блогерлерді» тауып, жауапқа тарту керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желіде азаматтық тұлғаларға қарсы буллинг өршіп тұр. Мысалы, аноним телеграммаларда, әлеуметтік желілерде фейк аккаунттары бар. Солар арқылы кейбір бизнес өкілдері немесе биліктегі тұлғалар өздеріне ыңғайсыз адамдарға «шабуыл» жасайды. Оларға қаржы төлейді. Олар Мемлекет басшысынан бастап депутаттарға шабуыл жасайды, - деді депутат.

Ол жалпы отырысқа қатысушыларға кеңес айтты.

Былтыр Самат Базарбайұлы екеуімізге отбасымызға қоқан-лоққы көрсетіліп, шабуылдар басталды. Біз Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігіне жаздық. Біз өңірдегі проблемаларды айтып, мысалы, Маңғыстаудағы мәселелерді көтеретін болсақ, бізге Telegram арналардан, Facebook-тен ақпараттық шабуыл басталып кетеді. Бір қызығы, әкімдер айналасына блогерлерді жинап алған. Оларға қаржы беріп, депутаттарға тиіседі, - деп айтты Жаңбыршин.

Ол қабылданатын заң бәріне қатысты екенін айтты.

Осындай кибершабуылдарда сіздер бұғаттай алмасаңыздар, бұл заңның қандай қажеттілігі бар? Егер оны бұғаттай алмайтын болсақ, онда заң шикі болады. ҰҚК, ІІМ және басқа да құзырлы органдар, сіздер мұны тыя аламыздар ма, жоқ па? Отбасымызға тиісіп бастады... Бұл не деген көргенсіздік? Ұятсыз... Ары таза адамдарға тиісіп, жала жауып, әлеуметтік желіде осыны тарады. Тыя алмасаңыздар, айтыңыздар. Ол адамдарды тауып, үстінен қылмыстық іс қозғау керек, - деді депутат.

Мәжіліс «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» және оған ілеспе екі заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Олар - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары.

Өзгелердің жаңалығы