Таразда түнгі жол апаты салдарынан жасөспірім қаза тауып, тағы екі кәмелетке толмаған бала жарақат алды. Бұл ақпаратты Жамбыл облысының Полиция департаменті растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайғылы оқиға бүгін түнгі сағат 03:10 шамасында «Балташ» мейрамханасының маңында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 15 жастағы жасөспірім әкесінің көлігін рұқсатсыз алып шығып, достарымен қыдыруға кеткен. Жамбыл даңғылы бойымен келе жатқан жүргізуші көлікті басқара алмай, бетон электр бағанасына соғылған.
Жол апаты салдарынан көліктегі 16 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Ол Тараз политехникалық колледжінің студенті болған. Тағы бір жасөспірім жабық аяқ сынуымен ауруханаға жеткізілді. Ол №67 мектептің оқушысы екені белгілі болды. Ал көлік тізгіндеген жасөспірім бас-ми жарақатын және ми шайқалуын алған.
Полиция мәліметінше, жол апатына қатысқан барлық азамат – кәмелетке толмағандар.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі – абайсызда адам өліміне әкелген жол қозғалысы ережесін бұзу фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде апат алдында полицейлердің көлікті қуғаны туралы бейресми ақпарат тарады. Жергілікті пабликтерде жасөспірімдердің полициядан қашуға тырысқаны айтылғанымен, кейін бұл жазбалар өшірілген.
Жамбыл облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған «Audi» көлігін тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші заңды талапқа бағынбай, қашуға әрекеттенген. Қуғын кезінде ол көлікті басқара алмай қалып, электр желісінің бетон тірегіне соғылған.
Полиция көлік тізгінінде жүргізуші куәлігі жоқ 15 жастағы жасөспірім отырғанын анықтаған. Ол ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді, - деп хабарлады облыстық ПД.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде жасөспірімнің көлікке қалай қол жеткізгені анықталып жатыр.
Сондай-ақ тергеу аясында көлік иесінің әрекетіне құқықтық баға берілмек. Бұдан бөлек, жасөспірімнің ата-анасы баланы тәрбиелеу мен бақылау міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады.
Полиция азаматтарды құқық қорғау органдарының заңды талаптарына бағынуға шақырып, оларды елемеу ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Еске салсақ, Алматы облысында әкесінің қабіріне Құран оқуға барған 24 жастағы жігіт пышақталып қаза тапты. Қайғылы оқиға 11 мамыр күні Талғар ауданына қарасты Нұра ауылында болған.