Aitu және бірыңғай QR: Ұлттық платформа арқылы төлем жасау мүмкін бе?

Министрлік қосымшаның сервері қайда орналасқанын айтты.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 07:29
Бүгiн 2026, 07:29
173
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі BAQ.KZ редакциясына Aitu платформасы мен бірыңғай QR төлем жүйесіне қатысты ресми ұстанымын айтты.

Министрліктің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы және цифрландыру жөніндегі Цифрлық штаб шешімі аясында Aitu ұлттық мессенджер ретінде бекітілген.

Ведомствоның хабарлауынша, бүгінде Aitu қызметтік хат алмасу, жұмыс чаттары және жедел хабарламалар функцияларын қамтитын цифрлық экожүйе ретінде жұмыс істейді. Платформа орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар және квазимемлекеттік сектор ұйымдары арасындағы қорғалған байланысты қамтамасыз етуге арналған.

Сервер қайда орналасқан? 

Министрлік Aitu серверлік инфрақұрылымы Қазақстан аумағында орналасқанын атап өтті. Бұл ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті қамтамасыз етіп, шетелдік сервистерге тәуелділікті азайтады деп көрсетілген.

Шенеуніктер қолдануға міндетте платформа

Сондай-ақ министрлік ресми жауапта мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде серверлері Қазақстанда орналасқан электрондық пошта, мессенджерлер және өзге сервистерді пайдалануға міндетті екенін еске салды.

Ал көпшілікті қызықтырған бірыңғай QR төлем жүйесіне қосылу мәселесіне қатысты министрлік бұл бағыт Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі құзыретіне жататынын мәлімдеді.

Осылайша, әзірге Aitu платформасы арқылы бірыңғай QR төлем жүйесі іске қосылатыны жөнінде нақты ақпарат берілген жоқ.

Еске салайық, былтыр 15 қыркүйекке дейін мемлекеттік қызметкерлер ұлттық мессенджерге көшкен болатын.  

Ал биыл 11 ақпанда Премьер-министр Олжас Бектенов 10 ақпанда өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Онда Aitu мессенджерінің функционалын жақсарту және тасқын су мен өрт қаупі жоғары кезеңдерді болжау жөніндегі жұмысты жандандыру үшін Tasqyn және Talsim жүйелерін интеграциялау бойынша міндеттер қойылды.

Наверх