Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші сессиясы өз жұмысын аяқтады. Бұл оқиға жай ғана кезекті отырыс емес, еліміз үшін үлкен тарихи өзгеріс. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министрдің айтуынша, еліміз институционалдық дамудың маңызды бір кезеңін қорытындылап, жаңа тарихи дәуірге қадам басып отыр. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Парламент 3,5 мыңға жуық заң қабылдаса, соңғы үш жылдың ішінде ғана мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңіне негіз қалаған 300-ден астам маңызды заң мен кодекс мақұлданған.
Ертең Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енеді. Бұл жай ғана құқықтық меже емес, ел дамуының сапалық тұрғыдан жаңа кезеңінің бастауы. Мемлекет басшысы биліктің жаңарған формуласын «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» деп нақты айқындады. Жаңа Конституция мемлекеттің құндылықтық негіздерін күшейтіп, тарихи-мәдени мұра мен ұлттық мәдениетке айрықша қамқорлық жасауды, сөз бостандығын, азаматтардың құқықтарын қорғауды және қоғамдық кеңістіктегі жауапкершілікті жаңа деңгейде бекітеді, – деп атап өтті Аида Балаева.
Адами капиталға – 19 триллион теңге
Министр Президенттің адами капиталды дамытуға ерекше мән беріп отырғанын жеткізді. Мемлекет тарапынан білім, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет және спорт салаларына құйылып жатқан инвестиция көлемі жылдан-жылға артып келеді.
Тек биылдың өзінде осы бағыттарға 19 триллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл барлық реформаның өзегінде адам, оның қауіпсіздігі мен мүмкіндіктері, өмір сапасы және болашаққа деген сенімі тұрғанын айқын көрсетеді, – деді ол.
Сонымен қатар, Аида Балаева Ұлттық домбыра күні қарсаңында Президенттің ұлттық құндылықтар мен рухани кодты сақтау туралы сөздерінің символдық мәні терең екенін тілге тиек етті. Ендігі кезекте билік жүйесінің жаңа архитектурасын қалыптастыру, мемлекеттік басқаруды цифрландыру және заң мен тәртіпті нығайту міндеттері тұр. Министр елдің әрбір азаматын, БАҚ өкілдері мен сарапшыларды Әділетті Қазақстанды құру жолында осы үдерістерге жауапкершілікпен атсалысуға шақырды.