Биыл агротуризмді дамыту бойынша бағдарлама әзірленеді

28 Шілде 2020, 17:19
1428
Бөлісу:
Биыл агротуризмді дамыту бойынша бағдарлама әзірленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ төрағасы Ержан Еркінбаев ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен онлайн баспасөз конференциясында айтты.

Осы айда агротуризмді дамыту бойынша далалық зерттеуді бастаймыз. Оның аясында аталған әлеуетті туризм саласын дамыту бойынша тетіктер әзірленеді. Алматы және Ақмола, Түркістан облыстары бау-бақша мен ауқымды фермаларға бай. Олардың негізінде әдемі туристік өнімдерді әзірлеуге болады. Бұл мәселені терең зерттейміз. Биыл агротуризмді дамыту бойынша бағдарлама әзірленеді. Зерттеу туристік бағыттар мен санаториялық-курорттық орындарға қатысты да жүргізіледі, - деді ол. 

 Еркінбаев атап өткендей, қазір елде 145 санаториялық-курорттық нысан бар.

Өкінішке қарай, олардың жұмысы кеңестік кезең деңгейінде қалып қойған. Қызмет көрсету сапасы қажетті деңгейде дамымаған. Оларды дамыту мен ілгерілендіру бойынша ұсынымдар әзірленіп, дамытудың тетіктері жасақталады, - деді ол. 

Ол атап өткендей, қыркүйекте эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған жағдайда керуен экспедициясын ұйымдастыру көзделіп отыр. 

Оның мақсаты - Жібек жолы бойында кемпинг пен автотуризмді дамыту. Экспедиция "Батыс Еуропа- Батыс Қытай" көлік дәлізі арқылы Алматы облысындағы Қытай шекарасынан басталып, Түркістан облысындағы Өзбекстан шекарасында аяқталады, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы