Алматыда Медеуге қарай салынған жаңа серуендеу жолының құрылысы кезінде ағаштардың түбіне құрылыс қалдықтары төгілгені туралы ақпарат тарады. Әлеуметтік желіде жарияланған жазбаға Экология департаменті жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Threads желісінде жарияланған жазба авторының айтуынша, жұмысшылар құрылыс қалдықтарын ағаштардың түбіне төгіп, үстін топырақпен жауып қойған. Ол осы жағдайға жауапты органдардың назар аударуын сұраған.
Экология департаменті не дейді?
Департамент мәліметінше, қазіргі уақытта «Медеу» табиғи паркінің аумағын абаттандыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында ұзындығы 7,9 шақырым болатын серуендеу жолын салу көзделген.
Фото: Экология департаменті
Әлеуметтік желідегі жарияланымнан кейін мердігер ұйымға тиісті ескерту берілген.
Фото: Экология департаменті
Департаменттің хабарлауынша, анықталған заңбұзушылықтар жойылып, құрылыс қалдықтары аумақтан шығарылған.