Ағадан алқау алған ұл

13 Наурыз 2023, 22:36
1652
Бөлісу:
Ағадан алқау алған ұл
PHOTO
Фото: Арман Мухатов

Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ербол Алшынбайдың «Жоғалған таулар» атты жыр кітабы таныстырылды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Көркем сөз кеудесіне, кестелі сөз көкірегіне ұя салған ақын кітабының тұсаукесері жыр кеші болары айтпаса да түсінікті. Қара қобызын құшақтаған жас ақын Бөкен Жігер кеш шымылдығын Ерболдың сөзіне жазылған әнмен түрді.

Ағадан алқау алған ұл

Несіпбек Айтұлы, Тұрсын Жұртбай, Ғалым Жайлыбай, Сұраған Рахметұлы, Светқали Нұржан қатарлы азулы ақындар мен маңайындағы інілеріне ағалық шуағын төгіп жүретін белгілі журналист «Хабар» АҚ Басқарма басшысы Берік Уәли інісіне ізгі тілектерін айтты.

Соның ішінде алаштың Айт-маны атанған Светқали ақынның ақын інісіне арнаған ілебізі залға жиналған қауымды ерекше сүйсіндірді.

Ағадан алқау алған ұл

Ербол – ағаға іні бола білетін, ініге аға бола білетін, досқа адал, сертке берік азамат-ақын. Ол кешегі Таласбекке, Есенғалиға іні болған. Қазіргі Досхан Жолжақсыновқа, мына отырған Несіпбек пен Тұрсын ағаларымызға, тіпті қазір сөйлеп тұрған маған да інілік ізетінен жаңылған емес. Уызына жарыған ақын інім менімен үндес, сыйлас-сырлас десем де болады. Менің де Қарқаралыға арнаған цикл өлеңдерім бар, бұл да Қарқаралыға бір цикл арнаған екен - деді шайыр.

Кеш барысында Ербол Алшынбай өзі де көрермен қауымды жырмен сусындатса, замандастары үзенгілес ақынның өлеңдерін жатқа оқып, мәртебесін көтеріп тастады.

Ал Ерболдың өз ұлы Кенесары мен өзге де бүлдіршіндердің ақын өлеңін жатқа оқуы – залдағы халықты еріксіз баурап алды.

Ағадан алқау алған ұл

Бұл кеште Ерболдың кітабы ғана таныстырылып қойған жоқ, «Қайтейін қайран, қарт Ілем» толғауы, «Анаға», «Ақ азбаным», тағы бірнеше әннің де тұсауы кесіліп, тыңдаушыға жол тартты.

Ағадан алқау алған ұл

Жуырда ғана «Тарымшы» атты поэмасымен жыр сүйер қауымды елең еткізген Ерболдың аяқ алысы, сөз саптауы, «қиыннан қиыстырар» шеберлігі мен көркем тілі бір-бірімен үндесіп жатыр. 

...Тым асау ағындар қақпайлап,

Заманым салса да отқа айдап.

Мен сені сүйемін, бостандық,

Көк аспан,

Көк бөрі,

Көк байрақ!

Ағадан алқау алған ұл

«Бостандық – көк байрақ» деп аталатын өлеңінің осы соңғы шумағынан-ақ Ерболдың бар болмысын тануға болады! 

Шағын лебізіміздің тақырыбын «Ағадан алқау алған ұл» деп бекер айтқан жоқпыз. Жоғарыда Светқали ақын айтқандай, Ербол – ағадан кенде болған жоқ. Оның бір көрінісі анау-мынауға аса мойын бұра бермейтін Есенғали Раушановтың өзі бұл кітапқа алғысөз жазып кеткендігі. 

Иә, кітап оқырманына енді ғана жол тартты, бірақ алғысөзін Есенғали ақын жазған. Есағаңның топырағы суығалы да бір жылдан астам уақыт болды десек, Ербол Алшынбай осы бір шағын кітабын шығаруға ұзақ дайындалғанын байқауға болады.

Сол өзі жазған алғысөзде Есенғали ақын:

Ерболдың Есенғалидан ерекшелігі, оның «жеткізіп бір кісідей айта алғандығы». Жүрек сөзін айта алған ақын – бақытты ақын. Ал біз айта алдық па, айта алмадық па, оны өлең біледі, – деп баға беруінде.

Біз де сөзімізді Есағаңның ескертуімен аяқтадық.

Өзгелердің жаңалығы