Африка елдерінде қызылша ауруын жұқтырғандар саны артуда

27 Қараша 2019, 02:50
2341
Бөлісу:
Африка елдерінде қызылша ауруын жұқтырғандар саны артуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, қызылшадан жыл сайын 110 мың адам көз жұмады. Ғалымдар бұл ауру ең алдымен Африка елдері үшін қауіпті екенін ескертуде, деп хабарлайды 24.kz.

Конго Демократиялық Республикасында биыл қызылшадан 5 мыңға жуық адам көз жұмған. Ал ауруды жұқтырғандар саны 250 мың адамға жуықтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің айтуынша, бұл әлемдегі ең ірі әрі тез таралып жатқан эпидемия болып отыр. Негізі осы ұйым мамандары мен Конго демократиялық республикасының билігі 2 ай бұрын шұғыл вакцинация бағдарламасын қолға алған болатын. Оған сәйкес 800 мыңнан аса балаға екпе жасалу керек. Алайда тиісті инфрақұрылымның жоқтығы мен медициналық орталықтарға жиі жасалатын шабуылдар кесірінен аурудың таралуын тоқтату мүмкін болмай тұр.   

Бүгінде Тынық мұхитындағы аралдық мемлекет - Самоа елінің билігі де дабыл қағып отыр. Өйткені бір айдан астам уақыт ішінде мұнда 32 адам қызылшадан көз жұмды. Марқұмдардың 28-нің  жасы әлі 4-ке келмеген бүлдіршіндер. Осыған байланысты жуырда жергілікті билік төтенше жағдай тәртібін жариялады. Қазір жаппай екпе науқаны жүріп жатыр. Осы күнге дейін 24 мың адам егілген.  Алайда соның өзінде де көңіл көншітпейтін жаңалықтар келіп түсуде. Мәселен, соңғы 24 сағат ішінде ғана ауруды 243 тұрғын жұқтырған. Қазір мұнда мекептер жабық тұр. Балалардың қоғамдық шараларға қатысуына үзілді-кесілді тыйым салынған.   
Негізі, ауруханаларға бір ай бұрын, яғни бұдан ертерек түскен науқастармен салыстыратын болсақ, соңғы уақытта келіп жатқан емделушілердің жағдайы әлдеқайда ауыр, - деді Самоа денсаулық сақтау министрі Леауса Таке Насери.  
Самоадан бөлек Тынық мұхитының оңтүстік бөлігіндегі Фиджи және Конга елдерінде де қызылша жұқтырғандар саны артып барады. Бұл мемлекеттердің билігі екпе қамына мықтап кірісіп кеткен. Ал Самоадағы күрделі жағдайға байланысты жаңа Зеландия билігі көмек ретінде 3 мың вакцина мен 12 дәрігерді жіберді. 
Өкінішке орай, Самоадағы ауруханалар науқастардың үлкен санын қабылдауға арналмаған. Яғни қазір жататын орындар жетіспей жатыр. Басқа да қиындықтар бар. Тоқетерін айтқанда, жағдай күрделі, - деді Жаңа Зеландиядан келген дәрігер Скотт Уилсон.
 
Жағдайдың қауіпті екенін жуырда ғалымдар тобының бірлесе жасаған зерттеуінің нәтижесі де айғақтайды. Голландиялық және британдық ғалымдардың айтуынша, қызылша вирусы адамның иммундық жүйесінің "жадын" өшіре алады. Сонда ағза бұған дейін күрескен вирустарға қарсы тұра алмауы мүмкін. 


Өзгелердің жаңалығы