АЭС-тің экологияға зияны бола ма? - Сарапшы жауап берді

15 Мамыр 2023, 15:24
5573
Бөлісу:
АЭС-тің экологияға зияны бола ма? - Сарапшы жауап берді
Фото: автордан

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімі инженері Асуан Сиябеков атом электр стансасының экологияға қалай әсер ететінін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Энергетика саласы мамандарының болжамынша, энергия тапшылығы болу мүмкін. Сол кезде базалық генерация ретінде, ең алдымен, генерация көздері керек. Оны біз АЭС-тен және жылы электр стансаларынан (ЖЭС) ала аламыз. Қазіргі кезде ЖЭС мәселелеріне келетін болсақ, оларға өздерінің көмірқышқыл газының шығарындыларына байланысты инвестиция тарту, қаржыландыру мәселелері күрделі болып тұр. Сол себепті де «жасыл энергетика» көзі ретінде атом электр стансаларын қарастырамыз, - деп айтты Сиябеков.

Сөзінше, осы себептен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын.

Ол атом электр стансасының экологияға, адам денсаулығына қалай әсер ететініне тоқталды.

Қазіргі кезде әлемде 430-ға жуық АЭС жұмыс істеп тұр. Әрине, осы кезге дейін апаттық жағдайлар болды. Бірақ ол кездегі реакторлар бүгінгі күні жаңартылды. Қанша жыл өтті, яғни жұмыс өтілі көп. Қазір сол АЭС-тердің жаңа буыны шығып жатыр. Сол себепті Қазақстан тек қана жаңа буынды 3+ реакторларын қарастырады. Оның экологияға да әсері зерттелген. Мысалы, апаттық жағдай болса, онда радиоактивті қалдықтардың қоршаған ортаға, қасындағы өсімдіктердің, жануарлар әлеміне таралуына байланысты зерттеу жүргізілді. Яғни, апат болған жағдайда ол сыртқы ортаға шығып кетпейді, - деп түсіндірді Атом энергетикасы бөлімі инженері.

Сарапшының айтуына қарағанда, 3+ буынды реакторда жарылыс қаупі нөлге тең. Мысалы, 10 млн реактор жұмыс істесе, ол жерде 1 ауыр апаттың болатыны белгілі.

Бірақ реактор 60 жыл жұмыс істейді. 20 жылға дейін оны көтеруге болады. Сондықтан 10 млн жыл деп айта алмаймыз. Яғни, ешқандай апаттық жағдайға алып келмейтіні сөзсіз, - деді Асуан Сиябеков.

АЭС-ті салу шешімі қабылданса, онда құрылысы 10 жыл көлемінде уақытты алады.

Бүгін «АЭС-тің экологияға және адам денсаулығына әсері қандай?» тақырыбында Л. Гумилев атындағы ЕҰУ мен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС дөңгелек үстел ұйымдастырды.

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-ның Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атом энергетикасының маңыздылығын кәсіби түрде түсіндіру қажеттілігі тапсырмасы аясында халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізіп келеді.

Өзгелердің жаңалығы