АЭС салу мәселесін референдум арқылы шешу конструктивті жол – Рае Квон Чунг

22 Қазан 2024, 15:22
1247
Бөлісу:
АЭС салу мәселесін референдум арқылы шешу конструктивті жол – Рае Квон Чунг
Фото: Артём Чурсинов - архив

Елімізде мәдениеттер мен философиялардың, технологиялар мен инновациялардың дүниетанымы, табиғатпен өзара іс-қимыл призмасы арқылы болашақ образын түсіну туралы CONNECTED-2024 халықаралық конференциясы өтті. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі Жасыл экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг мырзмен сұхбаттасқан еді.

- Рае Квон Чунг мырза, Қазақстанда өткен «CONNECTED-2024» халықаралық конференциясы жайлы пікіріңіз қандай?

Маған «Connected 2024» конференциясы қатты әсер етті. Қазақстан әлемнің қай жаққа қарай бағыт алып бара жатқанын білгісі келгені мен үшін таңғаларлық жағдай болды. Бізде қазір әртүрлі құндылықтар мен көзқарастар қақтығысы болып жатыр. Бұл іс шара «Aitas Group» компаниясының әлемнің ең үздік ойшылдарын жинап, әлеуметтік дамуды жалғастыру және қазақтың Тәңірі мәдениетіне негізделген құндылықтарды сақтай отырып, Шығыс пен Батыс арасындағы көпір болу жолында жаңа идеялар мен әдістер ұсынуға деген ерекше талпынысы. Мен өте жақсы әсер алдым. 

Менің ойымша, бұндай іс-шара Қазақстан халқына осындай көзқарастарды таныстырудың бірегей мүмкіндігі, өзін жай ғана ізбасар емес, өзгерістердің бастамашысы, көшбасшысы ретінде көрсетуге мүмкіндік береді.

- Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтті. Осы құрылысқа қатысты көзқарасыңыз қандай?

Шынында да ядролық энергетика мәселесі әрбір ел мен оның халқының шешімімен қабылдануы тиіс. Қазақстан үкіметінің бұл мәселені референдум арқылы шешу тәсілі – қоғамның келісіміне қол жеткізудің өте конструктивті жолы деп санаймын. Бұл өте жақсы және оң қадам. Мен жаңартылатын энергияның маңыздылығына сенемін, бірақ ядролық энергияның да белгілі бір рөлі бар екеніне сенімдімін. 

Біз мұны негізгі жүктеме деп атаймыз, яғни ядролық энергия тәулігіне 24 сағат үздіксіз энергиямен қамтамасыз ете алады. Бұл ядролық энергияның артықшылығы. Ал жаңартылатын энергия көздері, мысалы, жел және күн энергиясы, түнде жұмыс істей алмайды, жел болмаса, энергия да болмайды. Жаңартылатын энергия көздеріндегі осындай үзілістер үкімет үшін энергожүйені басқаруда үлкен проблема тудырады. 

Сондықтан ядролық және жаңартылатын энергия арасында конструктивті тепе-теңдік табу қажет. Бұл шешімді үкімет қабылдауы керек деп есептеймін. Мен мұндай шешімге құрметпен қараймын. Дегенмен, ядролық энергия ең арзан шешім емес екенін де есте ұстаған жөн. Қазіргі есептеулер бойынша, ядролық энергия күн және жел энергиясынан қымбат. 

Әрине, ядролық энергетиканың өзіндік артықшылықтары бар, бірақ сонымен қатар, оны іске асыру шығыны жоғары. Оны салу көп уақытты және үлкен капиталды талап етеді. Алайда қалдықтарды утилизациялау шығындарын да ескеру керек. 

Қазақстанда бос жерлер көп, сондықтан бұл сіздер үшін үлкен проблема емес. Ал Корея сияқты жері шектеулі елдер үшін ядролық қалдықтарды жою мәселесі ең үлкен кедергі болуы мүмкін. Қазақстан үшін ядролық энергия жақсы шешім болуы мүмкін, бірақ оған 100% тәуелді болудың қажеті жоқ. Себебі елде күн және жел энергиясына арналған кеңістіктер өте көп, әрі бұл әлдеқайда арзан. 

Сіздер түрлі мүмкіндіктерді пайдалана аласыздар. Негізгі мәселе – ядролық, жаңартылатын энергия мен қазба отын арасындағы үйлесімділікті қалай қамтамасыз етуге болатынында жатыр. Бірақ үкіметтің бұл мәселені референдум арқылы шешу тәсілі қоғамдық келісімге қол жеткізудің өте конструктивті жолы деп ойлаймын. Мен осындай үкіметтің конструктивті күш-жігерін жоғары бағалаймын.

АЭС салу мәселесін референдум арқылы шешу конструктивті жол – Рае Квон Чунг

- Жол кептелісін азайту мәселесін шешуде түрлі жобалар ұсынып жүрсіз. Осыған тоқталсаңыз.

Біз көбінесе жол кептелісіне назар аудармай жатамыз. Осының салдарынан қанша ақша, энергия және қажетсіз көмірқышқыл газының шығарындылары жоғалатынын түсінбейміз. Кептеліс – бұл үлкен мәселе. Өйткені біз жұмыс уақытымызды жоғалтамыз, жолда тұрып басқа ешнәрсемен айналыса алмаймыз. 

Сонымен қатар, энергияны босқа жұмсап, ауа сапасын нашарлататын көмірқышқыл газын шығарамыз. Осылайша, өмір сүру сапасы төмендейді. Бұл маңызды проблема, бірақ бізоны ескермейміз және кептелістердің қоғамға, өмірімізге және климаттық экожүйеге қандай әсер ететінін түсінбейміз. Кореядағы негізгі назар автожолдарға инвестициялауға аударылған. 

Біз теміржол мен метроға инвестиция салуды елемейміз. Иә, метромыз бар, бірақ ол жеткіліксіз. Әсіресе, Сеулде жол кептелісінен зардап шегеміз. Кептелістің шыңы келгенде автожолдар тұрақтарға айналады. Бензин мен жұмыс уақытының жоғалуын есептегенде, олар ЖІӨ-нің 3,6%-ын құраған. Бұған сену қиын, бірақ Кореяның ұлттық қорғаныс бюджеті ЖІӨ-нің тек 2%-ын ғана құрайды. 

Бұл өте үлкен көрсеткіш. Ал біз тек жолдағы кептелістердің салдарынан ЖІӨ-нің 3,6%-ын жоғалтамыз. Дегенмен, мұны көп адамдар түсіне бермейді. Себебі, қоғамдық көлікке жеткілікті инвестиция салынбай отыр. Бұл көптеген елдер үшін үлкен сабақ. Мен Алматыда болғанымда да, жолдағы кептелістерді көрдім, Астанада да олар аз емес. 

Бұл қоғамдық көлікке жеткілікті инвестицияның жоқтығын көрсетеді. Қалалар метро, автобус және электр көлігі сияқты көлік түрлеріне көбірек қаражат салуы керек. Кептелістерді қысқарту үшін қосымша инвестициялар қажет. 

Бұл шын мәнінде кептелістерді төмендетеді, сондай-ақ ЖІӨ-нің өсуіне ықпал етеді. Бірақ неге үкімет мұндай инвестициялар жасамайды? Себебі, қоғамдық көлікті инвестициялау әдісіміз дұрыс емес. Қате неде? Мысалы, Кореяда біз инвестициялардың қайтарымын тек ақша түрінде есептейміз. 

Жылдам пойыз салынғанда, біз қанша ақша қажет екенін және оның қанша кіріс әкелетінін есептейміз. Бірақ кірістердің үлкен инвестицияларды ақтауға жеткіліксіз екенін айтады. Сондықтан, инвестициялардың қайтарымы төмен дейді. Осыған байланысты инвестициялар жасалмаған. Бірақ біз неден хабарсыз қалдық? Біз қоғамдық көлікке салынған инвестициялар жеке автокөліктерді пайдалануды азайту арқылы көмірқышқыл газының шығарындыларын едәуір қысқартуға қабілетті екенін ескерген жоқпыз. 

Бірақ біз шығарындыларды қысқартуды пайда немесе инвестицияның қайтарымы ретінде қарастырмаймыз. Мұны бүкіл әлемдегі үкіметтер істейді. Сондықтан мен көмірқышқыл газының шығарындыларын есепке алуды ұсынамын. Көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуды инвестицияның қайтарымы ретінде қосу керек. 

Мысалы, Кореяда бір тонна көмірқышқыл газының бағасы шамамен 30 долларды, ал Еуропада шамамен 100 евроны құрайды. Сондықтан қоғамдық көлікке салынған инвестициялардан көмірқышқыл газының шығарындыларын қысқартуды инвестициялардың қайтарымының бір бөлігі ретінде есептеу керек. Бұл тәсіл арқылы оң нәтиже алуға және жасыл инфрақұрлымға салынған инвестицияларды ақтауға мүмкіндік береді. Мен мұны жүйелік өзгеріс деп атаймын. 

Біз қоғамдық көлік пен сапалы инфрақұрылымға салынған инвестицияларды ақтау үшін инвестициялардың қайтарымын есептеудің жүйесінде осындай шағын өзгерістерге мұқтажбыз. Бұл әлеуметтік дамуды ілгерілету үшін мен әрқашан айтатын жүйелік өзгерістердің бір аспектісі. Жүйелік өзгерістерсіз біз әлеуметтік дамуды алға жылжыта алмаймыз. 

Көмірқышқыл газын инвестициялардың қайтарымы ретінде есептеудің өте қарапайым тәсілі, бұл көптеген жасыл инвестицияларды ақтауға көмектеседі.

Өзгелердің жаңалығы