АЭС салмай, бұл мәселені шеше алмаймыз. Смайылов АЭС салудың маңызын айтты

12 Шілде 2022, 22:24
2216
Бөлісу:
АЭС салмай, бұл мәселені шеше алмаймыз. Смайылов АЭС салудың маңызын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда салынатын АЭС халықаралық жоба болады.

Мұны Премьер-министр Әлихан Смайылов «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Жаңа Қазақстан» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

Қазір электр қуаты балансын дайындадық. Болашақта электр энергиясына тапшылықтың орын алатындығын көріп отырмыз. Сондықтан, атом электр стансасын салмай, біз бұл мәселені шеше алмаймыз. Егер экономикамызды электр энергиясымен толық қамтамасыз етпесек, онда әрі қарай дамуымыз өте қиын болады. Cондықтан бұл мәселе бойынша шешім қабылданып, орны белгіленді. Енді Энергетика министрлігі дүниежүзінде бар тиісті озық технологияларды қарастырып жатыр. АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея және орыстардың технологияларын зерделеп, қарастыру үстінде. Жалпы, бұл халықаралық жоба болады. Яғни, бірнеше мемлекеттен әртүрлі технология тартылады. Содан кейін тиісті шешім қабыланады, - деді Әлихан Смайылов.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов инфляцияның неге өсіп келе жатқанын түсіндірді.

Ең алдымен инфляцияның өсуі дүниежүзінде болып отырған жағдай. Мысалы, АҚШ-та бағаның өсуі 8,8 пайызға жетіп отыр. Еуро Одақ мемлекеттерінде инфляция деңгейі 8,6 пайыз. Көршілес елдерде де баға өсіп жатыр. БҰҰ ұйымының жанындағы азық-түлік ұйымының дерегінше, әлемде азық-түлік бағасы бір жыл ішінде 34 пайызға өскен. Бұл үдеріс пандемиядан басталды. Одан кейін де әртүрлі геосаяси жағдайлар болып жатыр. Әр мемлекет әртүрлі шектеулер қойып жатыр. Логистикалық мәселелер де бар. Салдары бағаның өсуіне әкеліп отыр, - деп түсіндірді Әлихан Смайылов сұхбатта. 

Өзгелердің жаңалығы