АЭС экология үшін тиімді – сарапшы

31 Наурыз 2025, 10:31
636
Бөлісу:
АЭС экология үшін тиімді – сарапшы
Фото: Олжас Адай - архив

Әлі де көбін атом станциясы үрейлендіріп отыр. Алайда шындық – мүлде басқаша. Маман пікірінше, АЭС – қауіп емес, болашақтың энергиясы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атом электр станциялары (АЭС) туралы айтқанда, көпшілік оны бірден қауіппен байланыстырады. Алайда "Қазақстандық атом электр станциялары" компаниясының жетекші инженері Асуан Сиябеков бұл пікірдің негізсіз екенін айтады. Оның сөзінше, АЭС пен жылу электр станцияларының (ЖЭС) басты айырмашылығы – жылу көзі ғана. ЖЭС көмірмен жұмыс істесе, АЭС – ядролық реакцияның көмегімен бу өндіреді.

АЭС экология үшін тиімді – сарапшы
Фото: dalanews.kz

Кейбіреулер атом станциясы суды көп қажет етеді немесе қалдығы зиян деп ойлайды. Бұл – шындыққа жанаспайтын түсінік. Шын мәнінде, атмосфераға шығатын зиянды заттар АЭС-те ЖЭС-пен салыстырғанда әлдеқайда аз. Сондықтан атом энергетикасы – жасыл энергия көздерінің бірі, – дейді Сиябеков.

Оның айтуынша, Қазақстанда АЭС салу – көмір мен газға тәуелділікті азайтып, барлық салаларға серпін беретін шешім. Энергетикадан бастап, ғылым мен білімге дейін мультипликативтік әсер береді. Жоғары технологияларды қажет ететін жаңа секторлар дамиды. АЭС үздіксіз және тұрақты электр қуатымен халықты да, өндірісті де қамтамасыз ете алады.

Тағы бір маңызды жайт – экология. Атом станциясы парниктік газдар көлемін жылына 8-10 миллион тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл — климаттың өзгеруіне қарсы нақты қадам.

АЭС-ке қатысты кең таралған тағы бір миф – оны ядролық бомбамен теңестіру. Алайда бұл – қате түсінік. Асуан Сиябеков түсіндіргендей, бомба мен реактордың айырмашылығы – қолданылатын отында. Ядролық қаруда уранның байыту деңгейі 90 пайызға дейін жетсе, электр станцияларында бұл көрсеткіш небәрі 5 пайыздан төмен. Бұдан бөлек, атом реакторларында бөліну процесі толығымен бақыланады және қауіпсіздік жүйелерімен қамтылған.

Қазақстанда АЭС салу тек энергия ғана емес, кадрлық, өндірістік және ғылыми әлеуетті күшейтеді. Құрылыс кезінде 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, ал іске қосылғаннан кейін 2 мыңнан астам білікті маман қажет болады. Бір жұмыс орны экономиканың өзге салаларында 10 жаңа жұмыс орнының пайда болуына жол ашайын деп отыр, – дейді инженер.

Сонымен қатар жобаны жүзеге асыру – отандық шикізат қоры мен өндіріс әлеуетін кешенді пайдалануға мүмкіндік береді. Ал тұтынушылар алдағы 60 жылдан астам уақыт бойы тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілмек.

Асуан Сиябеков қазіргі таңда елімізде АЭС салу мәселесі жан-жақты зерттеліп жатқанын, әр тараптың пікірі ескеріліп отырғанын атап өтті.

Алдымен жобалық-сметалық құжаттар, инженерлік зерттеулер мен ресми рұқсаттарға байланысты жұмыстар 4-5 жылға дейін созылады. Ал алғашқы бетон іргетасын құйған сәттен бастап, станцияны толық іске қосуға тағы 5 жыл қажет. Жалпы алғанда, жобаны толық жүзеге асыруға 10-12 жыл кетеді, – дейді Сиябеков.

Өзгелердің жаңалығы