Адвокаттар БАҚ-та тағылған айыптың теріс екенін жариялай алады

13 Наурыз 2024, 12:45
444
Бөлісу:
Адвокаттар БАҚ-та тағылған айыптың теріс екенін жариялай алады
Фото: pixabay.com/ru

Адвокаттар тергеуде күдіктіге тағылған айыпты теріске шығаруды БАҚ-та жария ете алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасын Әділет министрі Азамат Есқараев таныстырды.

Сотта тараптарға өз мүдделерін қорғауда тең мүмкіндік беру мақсатымен адвокаттарға айыптау актісіне қарама-қарсы құжатты, қорғау актісін сотқа енгізу құқығын беру ұсынылады.

Сондай-ақ қоғамдық резонанс туғызу және тергеу барысына әсер етудің алдын алу үшін күдіктілердің адвокаттарына бұқаралық ақпарат құралдарында сотқа дейінгі тергеу мәліметтерін жарияламай теріске шығаруды жариялауға мүмкіндік беріледі, - деді министр.

Сондай-ақ адвокаттың рөлі айтарлықтай күшейтіледі. Адвокат көшірмелерін алуға құқылы құжаттардың тізімі кеңейтіледі, адвокаттың тағайындалған сараптама бойынша қосымша және нақтылау сұрақтары дереу сарапшыға жіберіледі, адвокат сараптама объектілерімен таныса алатын болады.

Бұған дейін Қазақстанда азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау күшейтілетінін жаздық.

Өзгелердің жаңалығы