Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов “Желмаяға” берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған сот жүйесін реформалауға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот әділ болмаған жерде ешқандай әділдік те болмайды. Мәжілістің қасында күнде митингіге шығатын соттың әділетсіздігінен зардап шегіп жүрген азаматтармен кездестік. Адвокаттар, соттың өзіне дейін соттың әділетсіз үкім шығаратынын мойындайды. Бірақ сотталып кеткен, отырып шыққан отбасымен айырылысып қалған адамдардың тағдырына ешкім жауап бермейді. Әділетсіз үкім болса тергеушіден бастап соттаған сотқа дейін жазасын алуы керек. Ондай жоқ, - деді депутат.
Ол Президенттің сот әділдігі мен сот жүйесі туралы айтқаны өте маңызды, сол себепті Жолдауда айтылғанның барлығын сапалы түрде орындау керек дейді.
Жоғарғы соттың төрағасы осы реформаны қатты жүргізгісі келіп жүргенін білемін. Бірақ бұл қалыптасып қалған, тіптен сол Кеңес одағынан қалып кеткен жүйені өзгерту қиындау. Байқасаңыз соттарда тіптен бір отбасыдан, бүкіл туыс, жұрағат, нағашы жиналған топтар бар. Ақпарат құралдарына шығып жатқан дау-дамайларды оқысаңы соттар емес, банкирлер сияқты. Бір-біріне 200 мың доллар қарыз, жарты миллион қарыз ала тұрған. Ол не қылған қарыздар? Не қылған қарым-қатынас? Бұл көріп жатқанымыз ғана, - деді Берік Дүйсембинов.
Депутат Мәжіліс қабырғасында құқықтық реформа комитетіне мүше болғандықтан Мемлекет басшысы жариялаған Жолдаудан кейін үлкен жұмыс күтіп тұрғанын айтты.
Сот төрағасы деген жалған дүниені алдырып тастап, сот төрағасы әкімшілік қана лауазым болуы керек. Оның өзін соттар тағайындап, сот деңгейінде болып ауысып отыруы қажет, - деді депутат.
Еске сала кетсек, Тоқаев Жолдауында қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтауды, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн екенін, олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек екенін айтқан болатын. Көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді. Президент сондай-ақ Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынды.