Әділет генерал-майоры қайтыс болды

1 Сәуір 2021, 13:10
3391
Бөлісу:
Әділет генерал-майоры қайтыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚАЖ комитетінің басшылығы мен ардагерлер кеңесі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бұрынғы төрағасы, әділет генерал-майоры Бауыржан Маратұлы Бердалиннің 62 жасқа қараған шағында қайтыс болғаны туралы хабарды жеткізді.

Ол еліміздің пенитенциарлық жүйесінің қалыптасуына және қылмыстық-атқару заңнамасын дамытуда орасан зор үлес қосқан. Жоғары жауапкершілік сезімімен өз міндетін адал орындап, жазаларды орындау саласында бар күшін, білімі мен тәжірибесін бөлісуден аянып қалмады, - делінген хабарламада.

Бауыржан Маратұлы өмірінің көп жылдарын Кеңес Одағы мен Қазақстан Республикасы ІІМ органдарындағы қызметке арнады. 

Пенитенциарлық жүйедегі еңбек жолын 1985 жылдан бастап Қазақ КСР ІІМ еңбек-түзеу мекемесі бас басқармасының жедел бөлімінің аға жедел уәкілі болып бастады. 

Ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтерде болып, 2011 жыл мен 2016 жылдары аралығында ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің төрағасы лауазымын атқарды. 

Екінші дәрежелі «Даңқ» ордені мемлекеттік наградасымен марапатталған.

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жеке құрамы мен ІІО ардагерлер кеңесі Б.Бердалиннің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Өзгелердің жаңалығы