Әдемі слайд, баяндамаларыңыз елге қажет емес - Қарашөкеев

3 Қазан 2023, 20:46
3513
Бөлісу:
Әдемі слайд, баяндамаларыңыз елге қажет емес - Қарашөкеев
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінен

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы жануарларының төлдерін бірдейлендіру жоспарына сәйкес жыл басынан 1,4 миллион төл бірдейлендіріліп, тоғыз айда дерекқорға барлығы 4,9 миллион бас ауыл шаруашылығы жануары тіркелген.

Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда облыстағы мал басының өсімі 3 пайызды құраған десек, бұл – Республика бойынша мал басы санынан екінші орын.

Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес 18,2 миллион вакцинация, 4,3 миллион диагностикалық жұмыстар жүргізілген.

Ветеринариялық іс-шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері облыс аумағында анықталған ауру ошақтарында қолданыстағы заңнамалар аясында сауықтыру және жою жұмыстары толық атқарылды.

Басқарма басшысы тиісті іс-шаралар жоспарына сәйкес, эндемиялық аудандардың 37 елді мекенінде барлығы 2,9 миллион шаршы метр аулалар мен қора жайлар, 195 мың шаршы метр буферлік аймақ және 506 мың бас ауыл шаруашылығы жануарына көктем және күзгі кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары толық жүргізілген.

Облыс әкімі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенімен, аймақтардағы көрсеткіштер ойдағыдай еместігін сынға алып, вакцинациялау шараларының сапасыздығына назар аудартты.

Әдемі слайд, баяндамаларыңыз елге қажет емес. Жұмыстың нақты нәтижесі керек. Қажетті вакцина көлемі жеткізілді. Демек, кінә өзімізден. Жұмысты дұрыс үйлестіріп, тиімділігін арттыру маңызды. Тікелей бақылау, жауапкершілік болмаса, оң нәтижеге қол жеткізе алмаймыз, - деген Ербол Қарашөкеев бұл бағыттағы жұмыстарды жеке өзі қадағалайтынын баса айтты.

Саладағы қордаланған мәселелер жақын арада өтетін арнайы кеңесте жан-жақты қаралатын болды.

Сондай-ақ, басқосу барысында облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары мен орындалмау қаупі бар индикаторлар талқыланды. Ол бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндады.

Облыс әкімі көрсеткіші төмен аудан әкімдері мен салалық басқарма басшыларынан жауаптар алып, жыл аяғына дейін жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Әсіресе, аймақ басшысы денсаулық пен білім саласына қатысты шағымдардың аз еместігін атап өтіп, жауапты тұлғалар жұмысқа деген жаңаша көзқараспен нақты нәтиже көрсетуге тырыспаса, қабылданатын шаралардың жеңіл болмайтынын ескертті.

Өзгелердің жаңалығы