Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық Академиялық кітапханасында «Адамзаттың арманы – атом ядросынсыз әлем құру» атты халықаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлады кітапхананың баспасөз қызметі.
Онда әлемдік деңгейдегі әдебиеттанушылар мен ғалымдар белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» роман-дилогиясын талқылады.
Менің тағдырым Семей полигонымен байланысты, ядролық полигон зардабын тартып туған адаммын. Қаншама тағдыр төрт қабырғадан шықпай, әріп танымай, оқымай, дамымай, есіл өмірін өткізді. Бірақ менің тағдырым басқаша қалыптасты, Алланың берген суретшілік өнері мені әлемге танытты. Барак Обаманың қабылдауында болып, картинамды сыйға тарттым. «Қасірет пен тағдыр» роман-дилогиясының авторы Сәуле Досжан апайымыз кітап мұқабасына суретімді сұрағанда, қуана келістім. Романды толық оқып шықтым, өте өзекті де керекті роман. Шығармада суреттелген дүниенің барлығы шындық, - деді ғылыми конференцияға қатысқан суретші, «Атом» жобасының құрметті елшісі, Халықаралық «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығының лауреаты Кәріпбек Күйіков.
Ғылыми конференцияға әдебиеттану саласының терең білгірлері Айгүл Ісмақова, Серік Елікбай, Дәулеткерей Кәпұлы Үмітхан Мұңалбаева, түркиялық Өмер Низаметтин Айкұрт сынды ғалымдар қатысып, пікірлерін ортаға салды.
Өте трагедиялық шығарма, жазу шеберлігі ұнады. Сонымен қатар орыс тіліндегі аудармасының жоғары деңгейде екенін айтқым келеді. Кітапты аударған Ғұсман Төлеғұлұлын жақсы танимын, бірге жұмыс та істегенбіз. Бұл кісінің қазақ тілін білу деңгейіне баға бере алмаспын, бірақ орыс тілін керемет меңгергені рас. Шығарманың көркемдіктің күші – кез келген оқиғаны шынайылық сипатында бере алуында жатыр, - деп ағынан жарылды мәскеулік журналист, жазушы, баспагер Г.В. Пряхин.
Әдеби шығарманы ғылыми тұрғыда мамандардың талқыға салуы жиын мазмұнын байыта түскені анық.