Астана тұрғынына бір миллион теңгеге жуық ақша ұсынып, адамдар бар үйді өртеп жіберу тапсырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Бұл оқиға немен аяқталғаны белгілі болды.
Елордада тұратын жас жігіт интернет арқылы қосымша жұмыс іздеп жүріп, «тиімді» ұсынысқа келісіп, бас бостандығынан айырылған.
Қалалық прокуратура ұсынған мәліметке сүйенсек, Instagram желісінде оған 2000 АҚШ доллары (900 мың теңгеден астам) көлемінде сыйақы үшін қылмыс жасау ұсынылған.
Үй ішінде адамдар болғанына қарамастан, күдікті өз әрекетінің салдарын біле тұра, алдын ала дайындалған жанғыш құрылғыларды тұрғын үй жаққа лақтырып, азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген. Алайда оған байланысты емес себептерге байланысты қылмыс соңына дейін жүзеге аспады, – деп мәлімдеді прокуратура.
Сот оны бөтеннің мүлкін жоюға оқталу бойынша кінәлі деп таныды. Бұған дейін өтелмеген соттылығы барын ескере отырып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, алаяқтардың тапсырмасымен кафе өртеген ер адам ұсталғаны хабарланған болатын. Белгісіз адам кафе ішіне от қойып, нәтижесінде ғимарат толықтай өртеніп кеткен.