Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елордалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол емхана тіркеуден бас тартуы мүмкін бірнеше жағдайларды атады.
Астананың атауы, президенттік мерзімге қатысты пікірлерін алу
Жалған ақпарат берілген жағдайда емхана сізді тіркеуге алудан бас тартуға құқылы. Сондай-ақ пациенттің нақты тұру мекені емхананың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде орналасқандығы анықталған уақытта тіркелу мүмкін емес, - деп түсіндірді қордың астаналық бөлімінің басшысы.
Сондай-ақ емханаға тіркеуден бас тарту ондағы жалпы практика дәрігеріне белгіленетін халықтың санына да байланысты болуы мүмкін.
Жалпы практика дәрігеріне бекітілген халықтың саны 1,7 мың адамнан, учаскелік педиатрға – 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 баладан асып кеткен жағдайда сіздің өтінішіңізден бас тартады. Оған қоса, бекітілетін тұлғаның заңды өкілдігін растайтын құжат болмаған кезде емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін, - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.
Еске сала кетейік, бұған дейін елордада халықты емханаға тіркеу науқаны басталғаны туралы жазған болатынбыз. Тіркеу науқанына Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметтер базасына енген емдеу мекемелері ғана қатысады. Олардың толық тізімімен қордың www.fms.kz ресми сайтының «Емхана таңдау» бөлігі арқылы танысуға болады.