Елордалықтар екі ай ішінде қалаған емханаға тіркеле алады

15 Қыркүйек 2022, 10:20
1524
Бөлісу:
Елордалықтар екі ай ішінде қалаған емханаға тіркеле алады

Елімізде, соның ішінде елордада халықты емханаға тіркеу науқаны басталды. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі науқан екі айға жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Науқан 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін созылады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалы өткізген баспасөз мәслихатында белгілі болды. 

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 38 медициналық ұйымға тіркеле алады. Олардың 18-і – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік емханалар. 

Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақ шеңберіндегі мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникаларға да тіркеле алады. Ол үшін емхана Медициналық сақтандыру қорының жеткізушілер тізімінде болуы тиіс. Биылғы науқан барысында емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады. Жалпы, емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхана қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да бұрынғы клиниканың қызметін пайдалана берсе болады, - деді қордың елордалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров. 

Ескеретін жайт, тіркеу науқанын өткізуге жергілікті денсаулық сақтау басқармалары жауапты болады. Сондықтан тіркеуге қатысты барлық сұрақтар бойынша медициналық ұйымдарға немесе Денсаулық сақтау басқармасына хабарласу қажет.

Өзгелердің жаңалығы