Адамдар өрт сөндіруге неге жеке көліктерімен барған? Депутат орманшыларға жағдай жасауды ұсынды

14 Маусым 2023, 12:23
824
Бөлісу:
Адамдар өрт сөндіруге неге жеке көліктерімен барған? Депутат орманшыларға жағдай жасауды ұсынды
Фото: BAQ.KZ Архив

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Абай облысындағы өртке қатысты депутаттық сауалын Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Абай облысында болған және адам өліміне алып келген алапат өрт – бүкіл халқымыз үшін үлкен қайғылы оқиға болды. Қоғамды дүр сілкіндірді. Парламент Мәжілісінің депутаттары Абай облысына барып, өрт сөндірушілермен және тұрғындармен кездесті, еріктілердің жұмыстарын ұйымдастыруға атсалысты. Шынын айту керек, жергілікті жерде болған жағдай азаматтық қорғау органдары, тиісті мемлекеттік органдар табиғи апаттарға дайын болмағанын тағы да көрсетті. Бірақ іс жүзінде мәселелер толық шешілмеген. Мұндай салғырттықтың орын толмас ауыр қайғыға алып келетінін өмір көрсетіп отыр, - деді Сабильянов.

Депутат төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдауды ұсынды:

Бірінші. Орман және дала өрттерін уақтылы анықтау және олардың алдын алу жөніндегі нақты жұмыс істейтін іс-қимыл алгоритмін әзірлеу қажет.

Екінші. Өртті жоғары дәлдікпен анықтайтын заманауи технологияларды қолдану аясын кеңейту:

- орман алқаптары мониторингінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерін дұрыс әрі барлық жерде пайдалануды қамтамасыз ету;

- өрт ошақтарын анықтаудың қосымша жерүсті жүйелерін орнату;

- жерді зондтайтын Қазақстан спутниктерін жоғары дәлдігі бар жылу датчиктерімен жарақтандыру;

- табиғи апаттар жағдайында тиісті қызметтерді фото және бейне-түсіру мүмкіндіктері бар дрондармен жабдықтау қажет.

Үшінші. Орман шаруашылықтары, резерваттарды басқару орталықтары орналасқан ауылдық елді мекендерде сапалы инфрақұрылым болуға тиіс. Оларды байланыс жүйесімен және жылдам интернетпен, сапалы жолдармен қамтамасыз ету керек.

Төртінші. Орман саласының мамандарын даярлау және қолдау, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту өте маңызды.

«Семей орманы» орман табиғи резерватының балансында 363 техника бар. Онда неліктен адамдар өртті сөндіруге жеке көліктерімен барған? Техниканың жай-күйі қандай? Тіпті қажетті техника бар ма? Сондықтан орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын жаңартып, арнайы өртке қарсы техникамен толық жабдықтау қажет. Сондай-ақ резерват жанында табиғи апаттармен күресуге арналған арнайы бөлімше болуға тиіс және оны барлық қажетті жабдықпен, соның ішінде орман қорының жай-күйін бақылауға арналған дрондармен жарақтандыру керек, - деп айтты Сабильянов.

Орман шаруашылығы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын күшейтіп, олардың жалақысын үнемі арттырып отырған жөн. Сондай-ақ қызметкерлерді арнайы киіммен және жабдықтармен қамтамасыз ету қажет.

Бесінші. Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамының санын көбейту, арнайы өртке қарсы техникамен және жүріп өту мүмкіндігі жоғары техникамен жарақтандыру, азаматтық қорғау қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешу (бұл тұрғын үй мәселесі және коммуналдық қызметтер үшін өтемақы), сондай-ақ «Қазавиақұтқару» АҚ авиапаркін жаңарту және ұлғайту керек.

Алтыншы. Үкіметке ведомствоаралық жұмыс тобын құрып, орман шаруашылығы саласындағы және өртке қарсы қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді толық қаржыландыру және заңнаманы, оның ішінде мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер енгізу мәселесін қайта қарау керек. Бұл жұмысқа депутаттар да қатысуы қажет, - деп айтты депутат Нұртай Сабильянов.

Өзгелердің жаңалығы