Адам саудасына қатысты 30 қылмыс анықталды

18 Қыркүйек 2023, 11:17
2111
Бөлісу:
Адам саудасына қатысты 30 қылмыс анықталды
Фото: Арман Мухатов - архив

«STOP-трафик» операциясы кезінде адам саудасына байланысты 30 қылмыс анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті қыркүйек айында «STOP-трафик» кезекті кең ауқымды операциясын жүргізіп, онда полиция қызметкерлері адам саудасына байланысты 30 қылмысты анықтады. Оның ішінде кәмелетке толмағандар саудасының 3 фактісі, жұмысқа қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырудың 3 фактісі, адам саудасының 2 фактсі, адам органдары саудасының 2 фактісі, жезөкшелікпен айналысуға тартудың 3 фактісі, оның ішінде кәмелетке толмағанды тартудың 1 фактісі белгілі болды, - деп атап өтті ведомство өкілі.

Сондай-ақ жезөкшелік пен жеңгетайлықпен айналысу үшін притондарды ұйымдастырудың немесе ұстаудың 17 фактісі анықталған.

Жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысу үшін үй-жайларды жалға бергені үшін 56 және интимдік қызметтер ұсыну мен қайыр сұраумен байланысты 475 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Мәселен, шара кезінде Маңғыстау облысы ПД ҰҚҚКБ 44 жастағы Өзбекстан азаматын бірнеше жыл бойы алдап, құжаттарын қайтармай, еңбекке тартқан облыс тұрғынын анықтады. Ер адамды мал бағуға, үйдегі қосалқы жұмыстарды орындауға мәжбүрлегені белгілі болды. Қыстау жақын елді мекеннен 90 км қашықтықта орналасқан, - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Айтуынша, бұл факт ҚК-нің 126-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша СДТБТ-де тіркелген, тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жәбірленушіге көмек көрсетілуде.

Өзгелердің жаңалығы