Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен ақтөбеліктер

Бөлісу:
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен ақтөбеліктер
Фото: Кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Ақтөбе облысында адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен азаматтар көп. Осы орайда біз ауыл шаруашылығы және өндіріс саласында еңбек етіп жүрген ақтөбеліктермен тілдескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биылғы Жолдауында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Мемлекет басшысы Үкіметке техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалауды, қарапайым жұмысшылардың еңбек жолын насихаттауды тапсырды.

Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» — деген еді Мемлекет басшысы.

Қазақта «Ердің атын еңбек шығарады» деген сөз бар. Шынында, елімізде, оның ішінде өңірлерде еселі еңбек пен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында зор нәтижеге жетіп отырған азаматтар жетерлік.

Диқанның тілегі

Ақтөбе облысы Хромтау ауданының тұрғыны Нұрболат Малсақбаев — кәсіптің көзін тапқан, өңірде алғашқылардың бірі болып егін егумен айналысқан азаматтардың бірі.

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен ақтөбеліктер

Кейіпкеріміз бүгінде Хромтау қаласында тұрады. Осыдан отыз жыл бұрын шаруашылық ашып, еңбекқорлығымен, жан-жақтылығымен жетістікке жеткен азамат астықты өлкенің дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.

Негізгі мамандығым — агроном. Кезінде Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін тәмамдадым. Жоғары оқу орнын бітірген соң еңбек жолымды ауыл шаруашылығы басқармасының бағыттауымен «Урожайный» кеңшарында бригада агрономы болып бастадым. Осы кеңшарда бірнеше жыл жұмыс істедім. Кейін «Ярослав» кеңшарында ғылыми жұмыстар бойынша агроном қызметін атқардым. Тәжірибе жасауға арналған егістікте ғылыми жұмыстар жүргізіп, егін егудің жай-жапсарын зерттедім. Осы саланы меңгерген соң кеңес үкіметі тарап, еліміз тәуелсіздік алған кезеңде Әйтеке би ауданында жеке шаруашылық аштым. Осылайша 1993 жылы «Наурыз» шаруа қожылығы құрылды. Араға үш жыл салып, 1996 жылы Хромтауға көшіп келдім. Аудан орталығынан 5 шақырым қашықтықта орналасқан Тассай ауылы маңынан жер алып, сол жерде баз салып, шаруашылық жұмысын дамыттым. Қазір сол жерде базымыз, бал бордақылау алаңымыз бар, — дейді ол.

Нұрболат Малсақбаев негізінен егін егумен айналысады. Қосымша мал шаруашылығын да қолға алған. Қазір оның шаруашылығында 1700 гектар егістік жері, он шақты техникасы мен 60 шақты қой, 15 бас ірі қарасы бар. Алдағы уақытта ірі қара санын көбейтіп, мал бордақылау бағытында жұмыс істегісі келеді. Сондай-ақ қожалықта үш механизатор, бір аспаз жұмыс істейді. Жаз айларында шаруашылық басшысы қосымша тағы 2-3 адамды жұмысқа алады.

Шаруашылықта бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан механизаторларым бар. Оларға егін науқанында 300-400 мың теңге көлемінде жалақы төлеймін. Ал қыста жұмыс болмаған кезде 50-60 мың теңге тұрақты еңбекақы беріп отырамын. Кейде уақытша жұмыс тауып беремін. Жалпы жұмысшыларым еңбекқор, шаруаға жайлы. Тек бір өкініштісі, ауданымызда мал бағатын малшы табу жағы қиын болып тұр. Отбасымен келіп мал бағатын адам болса барлық жағдайын жасар едім, онымен мал баққысы келетіндер аз, — дейді ол.

Кейіпкеріміз егін науқаны кезінде комбайн жүргізетінін, қажетті кезінде техникалардың бөлшектерін өзі жөндеп алатынын айтады. Еңбекқор, әмбебап диқан мал бағудан да қашпайды. Қазір шаруашылық басшысы өзі бастап жұмысшыларымен бірге жер өңдеу жұмыстарын жүргізуде.

Біз жыл сайын сәуір айынан бастап қарашаға дейін үзіліссіз еңбек етеміз. Көктемгі егіс егу жұмыстарын бастаған соң бізге тыным жоқ. Тек қыста ғана демаламыз. Қазір егіннің бәрін жинап болдық. Жинаған өнімімізді Жазық станциясындағы элеваторға өткіздік. Биыл астық жақсы шықты. Атап айтсақ, арпадан гектарына 22 центнерден, бидайдан гектарына 18 центнерден өнім алдық. Соңғы екі-үш жылда облысымызда астық бітік шығып, шаруалар еңбегінің жемісін көріп келеді, — дейді диқан.

Нұрболат Малсақбаев бүгінде шаруашылық жұмысын өзі жүргізіп қана қоймай, ұлы Нұрсұлтанды осы салаға бейімдеп жүр. Туған інісі де қожалық жұмысын жүргізуге көмектеседі. Отбасында екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген азамат болашақта балалары да ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосқанын қалайды.

Қай жерде адал еңбек адамды биікке жеткізеді. Егер бейнеттен қашпай, еңбек етсең, түбінде зейнетін көресің. Қазір осы ұстанымымды балаларыма айтып отырамын. Меніңше, маңдай термен тапқан нан ғана тәтті. Сондықтан қазіргі жастарға айтар ағалық ақылым — жұмыстан қашпай, адал еңбек етіңдер. Өздерің ұнатқан мамандықты оқып, елге, туған жерге қызмет жасаңдар. Менің ендігі жоспарым — шаруашылықты кеңейтіп, мал басын көбейту. Сондай-ақ жаңа техникалар санын арттыру. Қазір қожалықта екі комбайн, бес трактор, басқа да құрал-жабдықтарымыз бар, — дейді кейіпкеріміз.

Аға шопан

Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тұрғыны Жетпіс Қалниязов 19 жылдан бері «Бекзат» шаруашылығында қой бағып келеді. Бүгінде аға шопан болып еңбек ететін азамат халқымыздың «Мал баққанға бітеді» деген мақалын өзіне ұстаным етіп алған.

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен ақтөбеліктер

Шопан ата түлігін өсіру – сұраныстан түспейтін, құнсызданбайтын, әрдайым өнім беретін кәсіп. Қой өсіру үшін оның күтімі мен бейнетіне де шыдау керек. Қой бағудың бір тиімділігі сол, ол жайылым талғамайды, қай кезде де жайыла береді. Жалпы, қой-ешкі өрісте жайылса, сергек әрі ауру-сырқаудан аман болады. Дұрыстап бақсаң, төлін қарасаң, жыл сайын жақсы өнім аласың. Сондықтан мен қашан да бұл жұмыстан қашпаймын. Жалпы, менің осы қожалықта үздіксіз етіп еткеніме 19 жыл болды. Осы жерде қысы-жазы жұмыс істеп, отбасымды асырап отырмын, — дейді шопан.

Жиырма жылға жуық бір шаруашылықта еңбек еткен азамат осы уақыт аралығында өзіне біраз мал жинағанын айтады. Қазір оның жинаған 15 бас ірі қарасы, бір үйір жылқысы, жүзге жуық қойы бар. Жеке малын қожалық басшысымен келісіп, өзі бағып, өсіріп отыр.

Менің негізгі мамандығым — тракторшы. Кезінде Ойыл кеңшарында көп жыл тракторшы болып жұмыс істедім. Кейін кеңшар тараған соң жалданып, әр түрлі шаруашылықта еңбек еттім. Қазір аға шопанмын. Мұнда малшылардың жұмысын қадағалап, қожалық иесіне шаруаның жай-жапсарын айтып отырамын. Демалыс күндері отбасыма барып қайтамын. Жалпы, жағдайымыз жақсы, ешқандай мәселе жоқ, жалақымызды ай сайын алып отырмыз, — дейді ол.

Жетпіс Қалниязовтың отбасы аудан орталығында тұрады. Оның төрт ұлы бар. Келіншегі үй шаруасында, балаларын тәрбиелеп отыр. Балаларының үлкені биыл әскерден келген.

Жыл он екі ай бойы тынымсыз еңбек ететін аға шопан мал шаруашылығы көп еңбек пен жауапкершілікті талап ететінін айтады. Сондай-ақ шаруашылықтағы жұмысшылардың да ауызбіршілігі маңызды екенін жеткізді. Дегенмен бұл орайда «Бекзат» шаруа қожалығында ешқандай мәселе жоқ. Олай дейтініміз, шаруашылық басшысы Қайрат Еркінов малшыларына барлық жағдайды жасап қойған. Ол жұмысшыларына былтыр жаңа заман талабына сай үй салып берсе, биыл жаңа баз тұрғызған. Қазір шаруашылықта үш баз бар. Ай сайын еңбекақыларын төлеп тұрады. Қыста соғым, жазда ұсақ мал береді. Барлық шығынды өзі өтейді.

Қазір қожалығымызда 1200 қой-ешкі, 140 ірі қара, 150-дей жылқы бар. Осы малды бағып, өсіріп отырған 4 жұмысшым бар. Соның бірі — Жетпіс. Ол жұмысына да, адамға да адал. Осы шаруашылықта тапжылмастан 20 жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді. Өте еңбекқор, сөзіне берік, ұқыпты. Одан бөлек, қожалығымызда 7-8 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан малшыларымыз да бар. Жалпы, барлығы — еңбекқор жігіттер, — дейді қожалық басшысы Қайрат Еркінов.

«Бекзат» шаруа қожалығы мал бағумен қатар шөп шабумен де айналысады. Биыл шаруашылық бір айда 2,5 мың рулон шөп шауып алыпты. Қазір қожалық иесі қысқа дайын отыр.

Былтыр да, биыл да базымыз бен қыстағымыз тасқын кезінде суға кетті. Былтыр шаруашылықтың басынан жаңа үй салған болатынбыз. Биыл жаңадан баз салдық. Тасқын кезінде кеткен шығынымызды мемлекет есептеп, биыл жалпы мөлшері 3,5 миллион теңге өтемақы төледі. Қазір қожалықта үш трактор, бір «Газель», бір «КамАЗ», және екі жеңіл көлігіміз бар. Қысы-жазы электр қуатын күн энергиясы арқылы алып отырмыз. Ал сумен қамту үшін мемлекет ұңғыма қазып берді. Биыл шаруашылық басынан мал бордақылау алаңын салдық. Сондықтан алдағы жылы базға электр желісін жүргізу үшін әкімдіктен көмек сұрап жатырмыз. Шаруашылық аудан орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Сол себепті бұл өтінішіміз орындалар деп үміттенеміз, — дейді шаруашылық иесі. 

Қайрат Еркінов ауданда жеке кәсіпті де дамытып отыр. Ол келіншегі Розаға азық-түлік және ет дүкенін ашып берген. Қашан да игі істердің басында жүретін, жұмысшыларын үнемі қолдап отыратын шаруа осы жетістікке қажырлы еңбегінің арқасында жеткенін айтады.

Электрик Айбек

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының электригі Айбек Уайсбаев жуырда баспаналы болып, отбасымен қуанышқа кенелді.

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен ақтөбеліктер

Жас та болса еңбекқор, жұмысына адал, кәсібін жетік меңгерген жігіт 11 жылдан бері Ақтөбе ферроқорытпа зауытының газ тазарту қондырғылары цехында шебер-электрик болып жұмыс істеп келеді. Мұнда ол цехтағы қондырғылар мен құрылғыларды қарап, бақылайды, электр желілерін жөндейді.

Менің туған жерім — Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылы. Осы ауылдағы Тарас Шевченко атындағы орта мектепті бітіріп, Ақтөбе политехникалық колледжіне оқуға түстім. Осы оқу орнын электрик мамандығы бойынша тәмамдадым. Кейін сырттай жоғары оқу орнын аяқтадым. 2013 жылдан бері аталған зауытта жұмыс істеп келемін. Мұнда жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Ең бастысы — өз қызметіңді адал атқарсаң болғаны, — дейді Айбек.

Оның бұл салаға келуіне, электрик мамандығын таңдауына немере ағасы Нұртас Уайсбаев ықпал етіпті. Ауылда электрик болып еңбек етіп, еңбекқорлығымен ел аузында жүрген ағасының жұмысын көрген Айбек осы саланы таңдапты. Қазір Айбектің екі інісі де өзі сияқты қиын салаларда еңбек етіп жүр. Атап айтсақ, бір інісі Әлібек Хромтауда Дөң тау-кен байыту комбинатында шахтер болса, екінші інісі Жәнібек Қарабұтақта төтенше жағдайлар бөлімінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Ал әкесі ауылдық әкімдікте бас маман болса, анасы — мұғалім.

Жуырда ERG құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 50-ден астам жұмысшысына мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы пәтер берілді. Осы жұмысшылардың арасында Айбек Уайсбаев та бар.

Жаңа пәтерімізге көшіп, қоныстойын тойлап жатырмыз. Келіншегім де, өзім де бұл жаңалыққа қатты қуандық. Бұл да еткен еңбектің жемісі деп ойлаймын. Мен ауылда өсіп, тәрбиелендім. Еңбекке ерте араластым. Сондықтан адам еңбекпен көркейетінін, жетістікке тек өзінің адал еңбегімен жететінін жақсы білемін. Ұлдарыма да ата-анамнан алған осы тәрбиені бойларына сіңіріп жатырмын, — дейді Айбек.

Айта кету керек, кейіпкеріміз қазір келіншегі Гүлжанат екеуі отбасында үш ұл өсіріп, тәрбиелеп отыр.

Өзгелердің жаңалығы