Ресейдегі жарылыс болған Ачинск қаласының тұрғындарына ескерту жасалды

6 Тамыз 2019, 17:16
2397
Бөлісу:
Ресейдегі жарылыс болған Ачинск қаласының тұрғындарына ескерту жасалды

Алматы, BAQ.KZ. РФ Красноярск аймағындағы Ачинск қаласының тұрғындары 6 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12.00-де РФ Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және табиғи апат салдарын жою министрлігінен СМС хабарлама алған. Онда жарылмай қалған снарядтарды тауып алғанда не істеу керектігі хабарланған, деп жазды Известия басылымы.

5 тамыз күні Ачинск қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасынан өрт шығып, салдарынан жарылыс болды. Көп ұзамай Ачинск ауданында төтенше жағдай енгізілді. РФ Қорғаныс министрлігі қазіргі уақытта өрт толықтай өшірілгенін мәлімдеді.

«Жарылмай қалған снарядтарды немесе өзге де жарылғыш заттарды тауып алсаңыз, Ачинск ауданының сенім телефонына хабар беріңіз», - делінген СМС хабарламада.

Қоймадағы жарылысқа байланысты 20 км радиустағы елді мекендерден 16 мың адам қауіпсіз жерге көшірілген, олардың 3,8 мыңы уақытша шоғырландыру орындарында қалуға келіскен. Сонымен қатар, халықтың мүлкін сақтау бойынша күзет қойылған. Құтқарушылар тұрғындары эвакуацияланған ауылдарды тексеріп жатыр. 

«Жарылыс салдарынан 12 адам зардап шекті, оның алтауы орташа жарақатпен емханаға жатқызылған», - дейді Ачинск ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Денис Лебедев.

Сондай-ақ, бір адам із-түзсіз жоғалып кеткені туралы мәлімет тіркелген.

Өзгелердің жаңалығы