ӘЧ – 2026: Франция Норвегияны ойсырата жеңді, Уругвай жарыстан шығып қалды

Сонымен қатар, Кабо-Верде алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды.

 instagram.com/fifaworldcup Бүгiн 2026, 08:30
Бүгiн 2026, 08:30
201
Фото: instagram.com/fifaworldcup

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында топтық кезеңнің кезекті матчтары тартысты нәтижелерге толы болды. Франция құрамасы Норвегияны 4:1 есебімен жеңіп, өз тобында бірінші орынмен плей-оффқа шықса, Сенегал Иракты ірі есеппен ұтып, келесі кезеңге өту мүмкіндігін сақтап қалды. Сонымен қатар, Кабо-Верде алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды, ал Уругвай турнирмен қоштасты.

Дембеле 32 минутта хет-трик жасап, Францияны жеңіске бастады

Франция құрамасы Норвегияны 4:1 есебімен тізе бүктірді. Кездесудің басты қаһарманы Усман Дембеле болды. Ол алғашқы 32 минут ішінде үш гол соғып, әлем чемпионаттары тарихындағы ең жылдам екінші хет-трик авторы атанды.

Алғашқы голды жетінші минутта Килиан Мбаппенің пасынан кейін Дембеле соқты. Кейін тағы екі мәрте мергендігімен көзге түсті. Қосымша уақытта Дезире Дуэ төртінші голды соғып, кездесудің нүктесін қойды.

Норвегия сапында жалғыз голды Телло Аасгор соққанымен, бұл жеңілістен құтқара алмады. Айта кетейік, команданың бас бапкері Эрлинг Холандты демалдыру туралы шешім қабылдаған болатын.

Осы жеңістен кейін Франция өз тобында үш жеңіспен бірінші орын алып, 1/16 финалға жолдама иеленді.

Сенегал Ирак қақпасына бес жауапсыз гол соқты

Сенегал құрамасы Иракты 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, плей-оффқа шығу мүмкіндігін сақтап қалды.

Матчтың төртінші минутында Абдулай Сек есеп ашса, тоғызыншы минутта Ирак қорғаушысы Ребин Сулака қызыл қағаз алып, командасын қиын жағдайға қалдырды.

Екінші таймда Исмаил Сарр, Папа Гуйе (дубль) және Илиман Ндиайе гол соғып, Сенегалдың ірі жеңісін қамтамасыз етті.

Қазір Сенегал үшінші орын алған командалар арасында жоғары орынға көтерілуге мүмкіндік алды. Алайда олардың тағдыры басқа топтардағы кездесулердің нәтижесіне байланысты болады.

Кабо-Верде тарихи жетістікке жетті

Кабо-Верде құрамасы Сауд Арабиясымен 0:0 есебімен тең ойнап, әлем чемпионаты тарихында алғаш рет плей-офф кезеңіне шықты.

"Акуладар" H тобында екінші орын алып, Уругвай мен Сауд Арабиясын артта қалдырды. Енді олар 1/16 финалда қазіргі әлем чемпионы Аргентинамен кездеседі.

Испания жеңді, Уругвай жарыстан шығып қалды

Испания құрамасы Алекс Баенаның жалғыз голының арқасында Уругвайды 1:0 есебімен жеңді.

Бұл нәтиже испандықтарға топта бірінші орын алуға мүмкіндік берсе, Уругвай үш матчта небәрі екі ұпай жинап, әлем чемпионатымен қоштасты. Матч соңында уругвайлық Агустин Каноббио қызыл қағаз алып, командасының сәтсіз кешін түйіндеді.

Наверх