ӘЧ-2022. Доп диагнозы немесе Есейдің есебі

29 Қараша 2022, 10:20
1213
Бөлісу:
ӘЧ-2022. Доп диагнозы немесе Есейдің есебі

Қатарда сырасыз футбол қарай алмайтын мексикалықтар мен азшылық топты қолдамай жүре алмайтын еуропалықтардың басын біріктірген өзгеше чемпионат өтіп жатыр. Ойынынан бөлек, ерекшелігі туралы журналис, белгілі спорт комментаторы Есей Жеңісұлынан сұрап білдік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Қатар елінде өтіп жатқан Әлем чемпионаты несімен ерекше?

Әлемнің сипаты қатты өзгеріп келе жатқанын байқадым. Неге десеңіз, әлемде ислам елдеріне деген тосырқау бар. Әрине, Араб түбегінде орналасқан елдерде өз алдында имидж қалыптастырып алғаны белгілі. Олардың ақшаларын оңды-солды шашып, қай клубты , қай ойыншыны алғысы келсе де алатын имидж қалыптастырған. Бірақ мұнда «жақсы ниетті» өзгеше көрсетіп жатқан чемпионат болып жатыр. Мәселен, Қатардың мұсылман ел ретінде команданың капитандарына алабажақ (ЛГБТ) қолдауға арналған белгіні таққызбауын, ойын уақытында сыра ішкізбеу туралы тәртібін өте нашар қабылдап жатыр. Міне, осындай ережелерге тосырқау бар. 

Осы тұрғыда маған Франция құрамасының қақпашысы Уго Льористің пікірі ұнады. Ол айтады: «2016 жылы Францияда еуропа біріншілігі өткен кезде бізде келген қонақтардың елдің мәдениеті мен дәстүрін сақтауын талап еттік. Неге біз Қатардың талабын сақтамаймыз?»  деген екен.  Яғни, әлем бір бейнелі болуы мүмкін емес. Бүкіл ел ЛГБТ-ны жақсы көруі мүмкін емес. Сол сияқты бүкіл ел сыраны жиі іше бермейді. Сондықтан осы бір әлем чемпионатында мұндай жағдайдайлар адамды кері тебеді. Көріп отырғанымыздай, футболдан гөрі осындай мәселелер көбірек айтылып жатыр. Онымен қоса, өткен аптаның ойындарында Германия құрамасының ойыншылары ауызын жауып суретке түсті. Мұны да азшылық топты қолдаудың белгілі деп естіп жатырмыз. 

Мысалы, мен мұсылман елінің азаматы ретінде ЛГБТ деген біз үшін жабық тақырып. Бұл қазақтың ұғымында жоқ, тіпті болмауға тиіс тақырып дер едім. Елімізде жаппай көрініс алып кеткен жоққой? Біздің  жеті атаға дейін қыз алыспауымыз қанның тазалығы. Өзімізді ақсүйек ұлтпыз деп мақтағаным емес, бірақ екіжынысты қоғамды шет қарауымыз біздің ұстанымымыз. Қатарда сол сияқты. Неге олардың дәстүрін сыйламаймыз? Осы тұрғыдан әлем біріншілігінің қазіргі атмосферасы ұнамай тұр. 

Зепп Блаттердің кезінде 2018 жылы әлем чемпионатын өткізу Ресейге бұйырды. Биыл әлемдік доданы өткізу Қатарға бұйырып отыр. Неге басқа елге бермеді деген сұрақ келуі мүмкін. Меніңше, қай елде өтседе сол елдің дәстүрін сыйлап, өткізілуі тиіс. 

Екінші бір көңіліме сыймаған дүние - стадиондардың бостығы. Қарап отырсам, футболдың атмосферасы көп сезілмей жатыр. Мысалы, мен Камерун мен Швейцария матчын жүргіздім. Ол стадионның жартысы бос тұрды. 40 мың орыны бар стадионның тек 20 мыңы толып отырды. Негізі билеттер біріншілік басталмай тұрып алдын ала сатылып кеткен деген ақпарат тараған еді. Ал жалпы, стадионның көбін жергілікті жанкүйеркелер толықтыруы тиіс еді. Демек, бұл Қатардың өзінің жіберіп отырған қателігі деп білемін. 2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен әлем біріншілігінде бірде бір ине шаншар орын болмай, жанкүйер толып отыратын еді. Қатарды, Оңтүстік Африканы алып қарасақ та, олар дамушы елдер. Оларға үшінші әлем елдері ретінде қарайтын түсініктен арылмай келеді. Міне, көңіліме жақпаған екі нәрсе осы болып отыр. 

Гари Линекер деген Англияның белгілі бір футболшысы айтыпты. Жалпы, «әлем чемпионаты дегеніміз – шаршаған футболшылардың жарысы» депті. Өз басым бұл пікірге толық қосыламын. Темір де тозады, адам да тозады. Өйткені әлем чемпионаты жазда өтсе де, қыста болса да бәрібір клубтық футбол ойыншыларды қатты шаршатады. Мәселен, бәріміздің үмітімізді арқалаған Криштиану Роналду, Лионель Месси, Робет Левандовскиді алдыңғы қатарлы клубтың белді ойыншылары ретінде жылына кем дегенде 54-55 матч өткізеді. Онымен қоса, чемпионаттың кубогы, еуропа чемпионаты жәнеде ұлттық құрамадағы жолдастық кездесулері бар. Бұл өте қиын, ауыр жүк. 

Чемпионат басында бірнеше сенсация болды. Ол құрамалардың ішінен біреуі фаворит болуы мүмкін бе? 

Жапонияның жеңіске жетуін аса бір үлкен сенсация ретінде қарамаймын. Жапондар әлем біріншілігінде 2014 - 2018 жылдары да жаман ойнаған жоқ. Әлемдегі  орта деңгейде командалармен тіресе алатын дәстүрлі команда. 

Биыл Сауд Арабиясының ойынын нағыз сенсация деуге болады. Неге десеңіз, Аргентинамен болған ойында бірінші таймда жеңіліп жатып, екінші таймда жеңіп кетті. Оларда ондай жеңіс дәстүрі жоқ. Меніңше, Сауд Арабиясы бапкердің біліктілігінің арқасында жеңді. Француздық бапкер Эрве Ренар ойынның екінші бөлігінде тамаша стратегия құра білді. Арабтар аргентиналықтарды өздерінің орталық алаңдарына кіреберісте, яғни жоғары қарсы алып отырды. Мұндай жағдайда Родриго Де Пауль, Анхель Ди Мария және Лионель Месси болсын, олардың бәрі бұрынғыдай кеңістікте еркін ойнай алмайды. Осыны Сауд Арабиясы бапкері ұтымды пайдаланды. 

Екі кәрі қасқыры бар Португалия мен Аргентина туралы айтсақ, қайсысының үстемі жоғарырақ деп ойлайсыз? 

Әрине, нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ маған Португалия құрамасының мүмкіндігі молырақ көрінеді. Өйткені осы чемпитонатта португалдықтардың бүкіл шебі мығым. 

Алдыңғы ойындарда Аргентинаның қорғаушыларының біліктілігі төмендеу болған сияқты. Мәселен, құрамадағы орталық қорғаушы Николас Отамендиді айтсақ, ол 30 асып кеткен, былайша айтқанда, жас келген ойыншы. Оның қасындағы қорғаушы Кристиан Ромеро да аса жылдам футболшы емес екенін байқатты. Аргентиналықтарға жылдам ойыншы шабуыл жасаса, қорғаушылары салғырттық танытатындай көрінеді. Ал португалиялық қорғаушы Рубен Диаш «жартас» секілді өткізбейтін қорғаушы. Олардың оң қапталдарында Жоау Канселудың да өнері керемет. 

Меніңше, Роналду мен Мессиді салыстырған дұрыс. Бірақ бәрін алаң шешеді. Дегенмен, биыл Аргентинаның жеңіпаз болуы қиын. Мессидің дәуіріндегі ең жоғары нәтижесі 2014 жылғы финал болып қала бере ме деген ой келеді. Өйткені Сауда Арабиясымен болған ойынның екінші таймында Месси жүгірмей, жаяу жүріп алды. Яғни, ол бұрынғыдай емес деген сөз. Қасына жақсы бір ұшқыр шабуылшы керек сияқты деп ойладым. Ал Криштиануға пас жеткізіп беретін адамдар жеткілікті. Роналдудың тағы бір ерекшелігі әмбебап, кез келген допты аяқпен де, баспен де қақпаға көздей алатын қасиеті бар. Екіншіден, команданы сүйрей алатын мінезді ойыншы. Иә, Португалияның мүмкіндігі сәл жоғарырақ демесек, бәрін тас талқан етіп жеңіп кетеді деуден аулақпын. 

Месси мен Роналдудың 35-37 жасқа келіп, клубтық чемпионатта көп голдар салуы сұмдық нәтиже. Криштиану Роналду 2004 жылы әлем чемпионатының финалында жеңілген кездегі жылағанын әлі білеміз. Ол кезде қазіргі жұлдыздығы еміс-еміс көрінетін. Одан әрі қарай ол өзін жасап шығарған футболшы. Месси – тума талант. Сондықтан біреуі еңбекпен өске ер, екіншісі еңбекке талантты ұштастыған ер десек болады. 

Көбі биыл Бразилия жеңеді деп топшылайды? Реалдағы Родриго мен Винисиус Жуниор бар. Жылдам әрі тәжірибелі құрамға айналған секілді ме? 

Бразилия құрамасында көптеген ойыншы алғашқы рет майданға түсіп отыр. Мысалы, Родригоны алайық, ол Реал сапында жүріп, маусым аяқталар тұста ғана өте жақсы көзге түсті. Демек, ол бір сәтте жарқырап көрінетін футболшы ма әлде ұзақ аламанға шаба ала ма деген сұрақ келеді. Дәл сол секілді Винисиус Жуниор мен Каземиро өз ырғақтарынан жаңылып қалған жоқ па деген ой бар. Бірақ өз басым Бразилияны фавориттер қатарына қоспаймын. 

Франция мен Англияның ойыны туралы не дейсіз? 

Маған Хәрри Кейннің сұңғыла ойнағаны ұнады. Ол бас көзсіз алға ұмтылып, қақпаға міндетті түрде гол соғуды көздемей, өзі допты тартып алып, бас беріп, жаңа рөлге ие болғандай көрінді. Франция құрамасында Венземаның шықпағаны өкінішті. Десе де, франциялықтардың ойынынан оның жоғын жоқтатпайтын бірнеше шабуылшыны байқадық. Мбаппе айтсақ та, Жируды алсақ та, бәрі бабында. Сондықтынданда, Франция мен Англия кейінгі матчтарда жаза басып қалмаса, біраз жерге барады. 

Сіздің ойыңызша, қай елдердің жеңіске мүмкіндігі көп? 

Мен футболға адамгершілік тұрғысынан қараймын. Футбол миллиардтардың ойыны екені анық. Футбол сияқты ұлтты ұйыстыратын, әлемді жалт қарататын спорт жоқ. Сондықтан осы біріншілікте чемпион атанбаған команда ұтса керемет болар еді. Мәселен, неге Нидерланды шықпас қа? Хорватия неге жеңбес ке? Егер, әрине Франция жеңсе қуанамыз. Бірақ жеңбеген команда алса деген жанкүйерлік ықыласым бар. Мысалы, 2010 жылы Оңтүстік Африкада болған әлем чемпионатында Испания жеңіске жетті. Бұған дейін Испания жеңбеген еді. Бұл біріншіліктің ерекше екенін көрсетті. Испания баяғыдан әлем чемпионы болуға лайық еді. Ол кезде тарих лайықты түрде өз бағасын берді деп есептеймін. Мен Нидерланды мен Хорватияның чемпион болғанын қалаймын. Алайда, осы бірінішілікте Хорватияның мүмкіндігі төмендеу екені байқалады. Нидерландының тарихы мен ойыншыларына қарап чемпион болуға әбден лайық команда деп есептеймін.Үшінші фаворитті әлі қайсы құрама екенін шешпедім. Бірақ оңтүстік амарикалық Уругвайға жанкүйермін. Биыл олардың құрамы сәл қартайып қалған сияқты. Бұл құрамалар чемпион болуына тілекшімін. Менің бұл құрамаларға ниетім осылай десек болады. 

Қатардағы чемпионатта Испания мен Франциясының мүмкіндігі жоғары көрініп отыр. Аргентинаның алдағы ойындары шешуі мүмкін.. Дегенмен, жоқ деген де Азияның бір құрамасы финалға жетсе, Африканың құрамалары жартылай финалға дейін жетсе - сұмдық біріншілік болар еді. Жалпы, футбол үшін жақсы болар еді. Мысалы, қашанға Африка өзінің талантты футболшыларын кәрі құрлыққа ұзата береді. Сондықтанда осыған да жауап беретін кез келген секілді. Дәл сондай түрлі салада жетістікке жетіп жүрген Жапония мен Оңтүстік Кореяның еңбегі ақталса екен дейімін. 

Сізге матч тағдырын шешіп жіберетін батыл сұрмергендер аз сияқты болып көрінбей ме? 

Ол тек сұрмерген ғана емес кәдімгі шабуыл шебіндегі әмбебап ойыншы. Әуелеген доп болсын,  қысқа пасқа ұмтылуы, алыстан соқысы да өте жойқын еді. Дәл осы әлем біріншілігіне осындай нүкте қоя алатын шабуылшы жоқтың қасы. Мәселен Уэльс құрамасын алсақ, мықты бір шабуылшы жетіспейді. Испания құрамасында да сол секілді. Роберт Левандовски, Месси мен Роналдудан кейін мұндай шабуылшылар қатары сирей ме деген қорқыныш бар. 

Қазақстан әлем біріншілігін өткізуге дайын ба? 

Бір кездері 2026 жылдары әлем чемпионатын өткізуге өтініш береміз деген болатын. Бірақ қазіргі жағдайда да, геосаяси ахуалдың қиындап тұр десек те, бәрібір талпынуымыз керек. Қазір біздің өзімізде ұлттық құрама ойнайтын тек екі-ақ стадион бар. Бұл қазіргі жағдайда күлкілі көрінуі мүмкін, алайда талпынуымыз тиіспіз. Қашанға біздің инфрақұрылымымыз нашар деп Азияның кіндігінде отыра бермекпіз?

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!  

Өзгелердің жаңалығы