Әбіш Кекілбайұлы әдебиетте қалам тартпаған жанры кемде-кем – Ақберен Елгезек

26 Қазан 2019, 14:30
3069
Бөлісу:
Әбіш Кекілбайұлы әдебиетте қалам тартпаған жанры кемде-кем – Ақберен Елгезек
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әбіш Кекілбайұлы қазақ халқының ешбір ұлтқа ұқсамайтын өзіндік менталитетін ғажайып көркем шығармаларымен кестелеп әлемге танытты. Оның қаламы ұлттық дәстүр, қазақы адет-ғұрып аясында жүріп, бүкіл адамзатқа ортақ мінезді, ерекшелік пен кемшілікті дөп басты. 

Бұл туралы ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткен республикалық ғылыми-практикалық конференция кезінде айтты. 

Жиын барысында Ақберен Елгезек кемеңгер жазушының шығармашылығына, өмір жолына қатысты баяндама жасады. 

"Осы университет қабырғасында Әбіш ағамыз білім алып, жазушылық үлкен даңғыл жолына түскен еді. Сол даңғыл жолдан ешуақытта бұрылмай, айнымай ол тек қазақ қана емес, бүкіл әлем әдебиетіне мол олжа салды. Осы даңғыл жол оны ақыл-ойдың асқар биігіне көтеріп, кешегі Алаш арыстары, кемеңгер Әуезовтерді парасаттың биігіне шығарды. Ардақты ұстаз-жазушы, әдебиет зерттеушісі Зейнолла Қабдоловтың "Мен Әбішті оқыттым деп айтуға бата алмай тұрмын! Ойпырмай, бұл не деген шексіз білім!" - деп тамсануы да жоғарыда айтқан сөзімізді айғақтап тұрған жоқ па!?", - деп атап өтті ол баяндамасында. 

Сонымен қатар, ол кемеңгер жазушының тарихи кейіпкерлері ішіндегі ең салмақтысы да, қазіргі таңдағы өзектісі де Әбілқайыр хан екенін баса айтып өтті. 

"Кіші жүз ханының асқақ келбетін кеңестік кезеңнің өзінде мейлінше шынайы сомдағанын шығарманы жан тілімен түсінген адамға қиындық тудырмас деп ойлаймын. Әбілқайырдың арманы бодандық емес, көрші елдермен қарым-қатынасты реттеу болатын. "Үркердей" ұлы шығарманы дүниеге әкелген жазушының астарлы арманы да осы болды. 50 жыл ғұмырын ресей басқыншылығына қарсы арпалыспен өткізген Әбілқайыр өмір бойы елін қызғыштай қорып, кеудесін оққа төседі. Жазушының оқырман жұртына, қара ормандай халқына деген айтпағы да, аманаты да осы – Әбілқайыр ханның әділ бағасын беру болатын", - дейді ол.  

Сөз арасында, ол жазушының "Күй", "Ханша-дәрия хикаясы", "Аңыздың ақыры" секілді мифо-философиялық шығармалардағы түс философиясы, мәңгүрт образы, құрт жеген қызыл алма символикасы арқылы біздің әдебиетті әлемдік әдебиеттің төріне шығарғанын айтты.

"Әдебиетте мәңгүрт бейнесін сомдауды Әбіштен кейін әйгілі жазушы Айтматов жалғастырғанын көзі қарақты ағайын біледі деп ойлаймын. Әбіш Кекілбайұлы әдебиетте қалам тартпаған жанры кемде-кем. Ең әуелі жас Әбіш өз қатарының озық ақыны болып танылды. Студент кезінде-ақ "ұлттық сарында жазылған" деп сынға іліккен "Махамбет" поэмасын жазуы, жалпы сондай үлкен тақырыпқа баруы да – оның ішінде ғаламат буырқанған таланты барын ерте танытқан еді", - деді Ақберен Елгезек.  

Сонымен қатар, аталған университеттің филология факультетінде ұлы жазушы Әбіш Кекілбайұлының атындағы дәрісхана ашылды.

Өзгелердің жаңалығы