Әбілқайыр Сқақов Павлодарда орталықтан алыс орналасқан аумақтарды дамытуды тапсырды

30 Шілде 2022, 16:33
1413
Бөлісу:
Әбілқайыр Сқақов Павлодарда орталықтан алыс орналасқан аумақтарды дамытуды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов әлеуметтік желіде жазды.

Кеше Павлодардың дамуы бойынша кезекті кеңес өткіздім. Тапсырмаларымның бірі – қаланың қараусыз қалған жатын аудандарына ерекше көңіл аудару болатын. Жағалауды ретке келтіргені жақсы, тұрғындар мен қала қонақтары орталықтың көркейгенін қуанышпен қарсы алғаны өте жақсы. Алайда, орталықтан тыс тұрған аудандарды да ұмытпаған жөн. Бүгін таңертеңнен бері өзім жеке Кенжекөл мен қаланың жатын аудандарын аралап шықтым. Қалаға іргелес тұрған ауыл тұрғындары қоқыс шығарудағы мәселелер мен контейнерлердің жоқтығын айтты. Жол жөндеу мен қоғамдық көліктің жүрісіне де қатысты шағымдар түсті. Дегенмен, кейбір тұрғындардың автобус қатынасына көңілі толатыны анықталды. Коммуналдық мəселелер мен қоғамдық көліктен бөлек, ауылдықтарды балалар бақшасындағы орындар жəне тұрақтандыру қорынан азық-түліктерінің дүкендегі бар-жоғы алаңдатты. Өткен аптада осы ауылдың жаңа əкімі Медет Сансызбаев сайланған еді. Осы мəселелерді жаңа əкім жəне қала басшылығы назарға алуы тиіс, – деді әкім.

Сондай-ақ ол Павлодар əкіміне тұрғындармен диалогты өзгертуді тапсырғанын айтты.

Павлодарда жатын аудандардан Горторг пен 1-Южныйда болдым. Тағы да сол контейнерлердің жоқтығы анық болды. Олардың тапшылығын өзім кешегі кеңес барысында көтерген болатынмын. Қалада контейнерлер де, қоқыс жəшіктері де аз. Бары қоқысқа толып кеткен. Проблеманы шешуді тапсырдым. 1-Южныйда жол жөнделсе, Горторгта тұрғындар асфальттау мен кəріз жүйесінің салынғанын күтуде. Тұрғындарға абаттандыру жоспарын жеткіздім, дегенмен халыққа толыққанды ақпаратты қала басшылығы мен бөлімдері жеткізуі тиіс. Осы орайда, Павлодар əкіміне Асайын Байхан тұрғындармен диалогты өзгертуді тапсырамын. Əлеуметтік желілер, ресми сапарлар мен əкімдіктегі кездесулерден бөлек, қала басшылығы мен құзыретті бөлімдер қалаға іргелес орналасқан ауылдар мен қаланың жатын аудандарын аралауы қажет. Осындай мобильді пунктер арқылы халықтың бөлімдерге амалсыздан келу дәстүрі тоқтатылуы тиіс. Яғни əкімдік адамдарға бет бұруы керек. Жұмыс келесі аптадан басталуы қажет. Осы формат сəтті жүзеге асырылса, облыстың басқа қалалары мен аудандарында жұмысты жалғастырамыз, – деді Әбілқайыр Сқақов.

Өзгелердің жаңалығы