Абайға апарар жол: Сарапшылар ұлы ойшылдың мұрасын талқылады

27 Қараша 2020, 23:03
1765
Бөлісу:
Абайға апарар жол: Сарапшылар ұлы ойшылдың мұрасын талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлы ақын, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абайға апарар жол» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Елордамыздың «Тұран-Астана» университетінде өткен шараға қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатысты.

Биыл көрнекті ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы ЮНЕСКО-ның қолдауымен халықаралық деңгейде аталып өтіп, республика көлемінде де еліміздің әр өңірінде арнайы мерекелік, ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Ал 10 тамыз биылдан бастап еліміздің мерекелік күнтізбесіне еніп, «Абай күні» ретінде белгіленді. Конференцияны ашқан «Тұран-Астана» университетінің ректоры Гүлжамал Жапарова Абай Құнанбаевтың Қазақстан тарихында өшпес із қалдырғанын, шығармаларының бірегей және уақыттан тыс екенін атап өтті.

Әр халықтың тарихында өз ұлтының барлық даналығын жинақтаған, ғасырлар бойғы рухани көкжиегін анықтап тұратын тұлғалары бар. Абай Құнанбаев қазақ халқына асыл мұра қалдырған ұлы тұлға. Оның Қара сөздері ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Конференцияның өткізілуі Абайдың мәдени мұрасын сақтау мен пайдалануға байланысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік береді, - деді Гүлжамал Жапарова.

Өз кезегінде Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Данияр Есин ұлы ойшылдың мұралары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарымен ұштасатындығын атап өтіп, бүгінде қазақ халқына ғана емес, күллі әлем елдері үшін жарқын болашаққа бастайтын жолға айналғанын айтты.

Биыл тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» атты мақаласын жариялап, онда Ұлы Абай тұлғасының ауқымын барынша сипаттады. Расымен де, Абай сол кезде-ақ ұлтты жаңғыруға, сананы өзгертіп, уақыт талабына бейімделуге шақырды. Бүгінгі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттары Абайдың өсиеттерімен ұштасады. Оның «Адам бол» адамгершілік кодексі бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ал «Қара сөздері» даналық қазына ретінде бізге білімнің құндылығын бағалауға және санамызға прагматизмді сіңіріп, кемшіліктерімізді жоюға, сондай-ақ, жеке қасиеттерімізбен жұмыс істеуге мүмкіндік береді, - деді Данияр Есин.

Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандық әлемдегі қазақстандық мәдениет» бағыты Ұлы ақынның мұрасын күллі әлемге таратуға жаңа серпін берді. Мәселен, Абайдың 175 жылдығын атап өту аясында АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетімен бірлесіп www.abaicenter.com сайты ашылды. Виртуалды орталық саналатын бұл платформада Абайдың шығармалары, сондай-ақ Қазақстан тарихы, өнері, кино, музыка және археологиясы бойынша жазылған америкалық сарапшылардың мақалалары жарияланады.

Сондай-ақ, Ғылыми-практикалық конференцияның аясында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты мен «Тұран-Астана» университеті арасында ынтымақтастық меморандумына қол қою рәсімі өтті. Аталмыш меморандум «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау және табысты жүзеге асыру, оның әдіснамалық және ғылыми-зерттеу негізін нығайту саласында өзара тиімді серіктестікті орнатуға негіз болады. Атап айтқанда, қос тарап жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлау мақсатында бірлескен семинарлар, дөңгелек үстелдер, тағы басқа іс-шаралар өткізіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қағидаттарын одан әрі дамыта түседі.

Өзгелердің жаңалығы