Бұл туралы MNU университетінде өткен дөңгелек үстелде заңгер Абзал Құспан айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңгерлердің арасына мен Абайды да кіргізіп отырмын. Алаш заңгерлері деген ұғым ғой. Ол – 15 жыл өмірін қазіргіше айтқанда мемлекеттік қызметке арнаған адам. Оның ішінде болыс болды, би болды. Бұл ақпаратты мен алғаш рет Салық Зимановтан естідім. Кейін зерттеулерді оқып қарасам, Абай Құнанбайұлы Қарамолла ережесіндегі сот актілеріне 74 поправка енгізген. Қазіргіше айтқанда депутаттың жұмысы, – деді Абзал Құспан.
Осы орайда заңгер Алмас Жұмағали Қарамолла ережесі деген қандай құжат болғанын түсіндіріп өтті.
XIX ғасырдан бастап қазақ толық отарланды десе болады. Енді мемлекет өзі заң шығара алмайды. Ресейдің заңы менталитетімізге келмейді. Сол себептен жер-жерде ережелер пайда болды. Қарамолла ережесі – соның біреуі, – деді ол.
Сондай-ақ Абзал Құспан Салық Зимановтың Абайдың азаматтық, қылмыстық істер бойынша билік етіп, дауды қалай шешкендегі жөнінде деректерді жинастырғанын жеткізді.
Қалайша осындай мол мұра бізге қызық болмайды? Мен осыған таңғалам. Біз Абайды ақын ретінде танимыз. Философ ретінде, ағартушы ретінде танимыз. Неге біз, заңгерлер қауымы, Абай атамыздың осы шығарған сот актілерін алып, ғылыми қолданысқа енгізбейміз?! – деді ол.
Айта кетейік, дөңгелек үстел Алмас Жұмағалидің “Қылмыс заңдарының эволюциясы: 1922 жылғы қылмыс заңы” атты еңбегіне арналған. Бұл еңбек Алашорда заңгерлері Сейдәзім Кәдірбайұлының Қазақ АСР-ының, Жаһанша Досмұхамедұлының Түркістан АСР-ының тапсырысымен ресми жарияланған Қылмыс заңдарын төте жазудан аударуға, оның қазіргі заң ғылымына қосар үлесі жайлы талдауға арналған.