Абай оқуларының жеңімпаздары марапатталды

30 Қыркүйек 2021, 22:11
2103
Бөлісу:
Абай оқуларының жеңімпаздары марапатталды

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы кітапханасы қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының мұрасын дәріптеу мақсатында әлеуметтік желілерде жариялаған «V Абай оқулары» әдебиет сайысының жеңімпаздарын марапаттады.

2017 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан шара игі дәстүрге айналып, ел азаматтарының оқу мәдениетін, әдеби талғамын қалыптастырып келеді.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директоры Бақытжан Темірболат ашты.

 

Елбасы Н.Ә. Назарбаев Абай мұрасының қазақтың ең қасиетті қазынасы екенін әрдайым белгілейді. Оның бұл ойын қолдайтын мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев та Абайдың өсиет-өнегесі XXI ғасырдағы жаңа Қазақстанды биіктерге жетелейтінін алға тартады – деді ол.

 

Абай Құнанбайұлы – Ұлы дала тарихына өшпес із қалдырған дара тұлға. Оның шығармашылығында ұлттың бар болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі, көзқарасы мен дүниетанымы, діні мен ділі, өткір тілі мен қайсар рухы – бәрі де айқын көрініс тапқан. Кемеңгер ақынның мол мұрасы – талай ғасыр өтсе де маңызын жоймайтын адамзаттың рухани қазынасы.

 

Оның шығармаларын насихаттау жолдары мен тәсілдері жылдан жылға түрленіп, кемелдене түсуде. Ақынның өлеңдеріне цифрлық технологияны пайдаланып, саналуан бейнеролик түсіріп, бірнеше тілде насихатталған жастардың талабы мен жігері, актерлік шеберлігі таң қалдырады. Әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеген Абайдың ғақлияларын зердеге тоқу әрі шеберлікпен пайдалана білу – ұрпаққа міндет. Ал өскелең ұрпақтың зердесін ашып, ұлттық мәдениетіміз бән әдебиетіміздің тұнық нәрін санасына сіңдіру – біздің парызымыз, - деді Бақытжан Темірболат.

 

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай әдебиет сайысының жеңімпаздары мен қатысушыларын құттықтады.

 

Абай жүректі жастықтың оты қозғайтынын айтқан. Сол жастықтың отын бүгінгі қатысушылардың жанарынан көріп қуанып отырмыз. Бұл от – адамның бойындағы жігері, кез келген қиындықтан алып шығатын қайраты. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болған бүгін жеңімпаздар Абай бабамыз бен ұлт мәдениеті алдындағы перзенттік парызын орындауда адалдық танытты. Осы орайда Елбасы кітапханасының Абай мұрасын насихаттауда жаңа кезеңді, жаңа мәдениетті бастап жатқанына ризамын – деді депутат.

 

«Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына соншалық жақындай береміз» деп Міржақып Дулатұлы айтқандай, уақыт өткен сайын ойшыл шығармашылығының өзектілігі де артып келеді.

 

Еліміз егемендігін алған тұста өзін әлемге Абай арқылы танытқан еді. Естеріңізде болса, Елбасының шешімімен Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланған болатын. Абайға деген бетбұрыс сол кезеңнен бастау алды. Халықты білім мен еңбекке үндеген Абайды оқыған адам үлкен дәрежеге жететіні сөзсіз. Сондықтан бүгінгі жеңістеріңіз – ғылымға басқан алғашқы қадамдарыңыз», - деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір.

 

Белгілі абайтанушы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраевтың айтуынша, ұлы ақын еңбектерінің қоғамдық, рухани әрі мәдени өмірдегі құндылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді.

Әдебиет сайысының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Елбасы кітапханасының қорынан арнайы кітап көрмесі әзірленді. Көрмеде Абайдың 40-қа жуық туындысы, белгілі отандық абайтанушылардың ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеген монографиялары, сондай-ақ ұлы ақынның шет тілдеріне аударылған туындыларының аудармалары қойылды. Көпшілік назарына сондай-ақ музыкалық қойылымдар ұсынылды. Сайыс қатысушылары да өлең жолдарын оқып, құлақ құрышын қандырды.

Игі дәстүрге айналған Абай оқуларына 5 жылдың ішінде 4000-ға жуық адам қатысып үлгерді. Биыл 56 финалист іріктеліп, 11 жеңімпаз анықталды. Әділ қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделі орындар мен номинацияларға ие болғандар:

Гран-при – Нұр-Сұлтан қаласының Мәшһүр Жүсіп атындағы № 57 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Гүлназ Еңсебаева.

 

Шыны керек, бас жүлдеге ие болам деп ойламаппын. Сайысқа қатыстырған бейнероликті тек жеке дарынымды дамыту үшін түсірген болатынмын. Сондықтан да әділ қазылар алқасының жоғары бағасын үлкен абырой деп санаймын. Жеңісіме үшінші сыныпта қалыптасқан өлеңге деген құштарлығым түрткі болған сияқты. Ол құштарлықты Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әли сияқты ақындардың шығармашылығы оятқан еді. Бүгінгі жеңісім енді жаңа белестерді бағындыруға ынталандырып отыр, - деді Гран-при иегері.

 

І орын – Павлодар облысы, Ақсу қаласы Жамбыл орта мектебінің 4-сынып оқушысы Айдана Ахман;

ІІ орын – Қазақстан Республикасы Президент Іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының жетекші менеджері Арай Жылқыбаева, Екібастұз қаласы №13 Жалпы орта білім беру мектебінің 1-сынып оқушысы Жігер Хасен;

ІІІ орын – Павлодар облысы, Ертіс ауданы №4 Орта мектебінің 4-сынып оқушысы Роман Кузнецов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2-курс студенті Рамазан Ержігіт, Қарағанды медицина университетінің 3-курс студенті Әсем Тұрмахан.

Сайыста атсалысып, көптің көңілінен шыққан үміткерлерге де номинация берілді. Атап айтқанда:

«Ең белсенді қатысушы» – Қарағанды медициналық университетінің 2-курс студенті Аружан Амантаева;

«Көрермен көзайымы» – Ақтау қаласының №21мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Айзере Махамбет;

«Ең іздемпаз үміткер» – Ақтөбе қаласы № 47 орта мектебінің 2-сынып оқушысы Темірлан Қонақбаев;

«Абай мұрасын әлемдік деңгейде насихаттаушы» – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 1 курс студенті Медина Бейсен.

Топ жарып, жеңісті қанжығасына байлаған қатысушылар диплом мен естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

Өзгелердің жаңалығы