Қазіргі уақытта Абай облысында үш бағытта (оңтүстік, батыс және шығыс жиекте) өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Минералдандырылған жолақтар жасау жұмыстары қолжетімділігі қиын болуына байланысты тоқтатылды. Елді мекендерге қауіп жоқ.
Өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам техника жұмылдырылған.
Сонымен қатар, өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін 14 тікұшақ тартылды. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 777 рет су төгілді, жалпы көлемі 2000-нан астам тоннаны құрайды.
Кеше метеожағдайдың өзгеруіне байланысты (желдің екпіні секундына 18 метрге дейін) өрт төменгі бөлікте өрбіп өрт ошағынан Талица ауылына (тұрғындар алдын ала эвакуацияланды) қарай бағыт алып, ауылды қорғауға өрт техникасы жұмылдырылған болатын. Өрт Талица ауылының шығыс жағынан далаға қарай өрбіп, өрт сөндірілді, - делінген ТЖМ таратқан хабарламада.
Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов оқиға орнынан өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіруде.
Қазіргі уақытқа дейін жедел желіге 104 қоңырау түсті. ТЖМ және ТЖД жедел желі телефондары: 8 7172 53 32 84, 8 722 235 38 31.
"Қазгидромет" АҚ деректері бойынша 11 маусым күні: жауын-шашынсыз, солтүстік-батыс, солтүстік 9-14 м/с жел, екпіні 15-20 м/с болады деп күтілуде, күндіз ауа температурасы 25-30 0С.
13 маусымда: жауын-шашынсыз, солтүстік-батыс, солтүстік 9-14 м/с жел, екпіні 15-20 м/с дейін болады деп күтілуде, ауа температурасы түнде 12-170 С, күндіз 27-32 0С.