Абай облысында алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы жүргізілген рейдтік және профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде жыл басынан бері 2 350 литр алкоголь өнімі тәркіленді.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, тәртіп сақшылары осы кезеңде алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың 148 фактісін анықтады. Анықталған құқық бұзушылықтардың қатарында рұқсат құжаттарынсыз сауда жасау, заңда белгіленген талаптарды бұзу, өнімнің шығу тегін растайтын құжаттардың болмауы, сондай-ақ сақтау мен өткізу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы бар.
Тәртіп сақшылары заңсыз саудаға қарсы күрес тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Рейдтік тексерулер сауда орындарын, қоймаларды, қоғамдық тамақтану нысандарын және алкоголь өнімдерін сататын кәсіпкерлік субъектілерін қамтиды.
Сонымен қатар кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптарын сақтау қажеттігі ескертіледі. Полиция өкілдерінің айтуынша, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алу қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтардың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды шара болып табылады.