Абай облысындағы Орлов шахтасының алты жұмысшысы шахта лифті шұғыл тоқтап қалғаннан кейін медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«KAZ Minerals» компаниясының Корпоративтік байланыстар департаментінің менеджері Ермек Дүзкеневтің хабарлауынша, оқиға 2026 жылғы 1 шілдеде Орлов шахтасында болған.
Қозғалыс кезінде шахта торы, яғни жұмысшыларды тасымалдауға арналған лифті кілт тоқтаған (посадочный кулак), – деді компания өкілі.
Оның айтуынша, қону жұдырықшасы - бұл шахтаның тік ұңғымасындағы арнайы механикалық тірек. Ол торды белгілі бір деңгейде бекітуге және горизонттың көлік жолдарымен сәйкестендіру үшін оның дәл тоқтауын қамтамасыз етуге арналған.
Тордың кілт тоқтауы салдарынан Орлов шахтасының алты жұмысшысы кәсіпорынның денсаулық сақтау пунктіне медициналық көмек сұрап жүгінген.
Үш жұмысшыға жеңіл дәрежедегі соғылу (көгеру) диагнозы қойылды, оларға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық емделуге жіберілді. Тағы үш жұмысшы Семей қаласының ауруханасында қосымша тексеруден өтіп, оның қорытындысы бойынша оларға да жеңіл дәрежедегі соғылу диагнозы қойылды. Олардың барлығы амбулаториялық емделуге жіберілді, – деп нақтылады Ермек Дүзкенев.
Тордың қозғалысы кезінде кілт тоқтау жұдырықшасының іске қосылу себептері тергеу барысында анықталады.
Еске салайық, бұған дейін Артемьев кенішінде кенші қаза тапты.