Абай облысында ғасырға жуық тарихы бар екі вокзал қайта жаңартылды

Жаңғырту нәтижесінде Ауыл және Белағаш вокзалдары қауіпсіздік талаптарына, санитарлық нормаларға және жолаушыларға қызмет көрсету стандарттарына толық сәйкестендірілді.

 ҚТЖ баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 06:35
Бүгiн 2026, 06:35
161
Фото: ҚТЖ баспасөз қызметі

Абай облысында Ауыл және Белағаш станцияларындағы теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары аяқталып, нысандар пайдалануға берілді. Жоба Мемлекет басшысы мен Үкіметтің көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.

Техникалық ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли, көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарушы директоры Марат Есқалиев қатысты.

1929 және 1926 жылдары салынған Ауыл және Белағаш вокзалдары III класты нысандар санатына жатады. Олар жергілікті тұрғындар мен транзиттік жолаушыларға қызмет көрсетеді.

Жаңғырту барысында екі вокзалдың қасбеті мен шатыры толық жаңартылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ энергия үнемдейтін терезелер орнатылып, сумен жабдықтау, кәріз, жылу және электр жүйелері толықтай жаңартылды.

Вокзалдар заманауи желдету жүйелерімен, өрт дабылымен, кондиционерлермен және жаңа жиһаздармен жабдықталды. Жолаушыларға арналған күту залдары жаңартылып, вандализмге төзімді орындықтар орнатылды.

Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктеріне ерекше назар аударылды. Нысандарда пандустар орнатылып, тактильді плиткалар төселді және ыңғайлы навигациялық жүйелер енгізілді.

Сонымен қатар жолаушылар платформалары қайта жаңартылып, вокзал маңы абаттандырылды. Қызметкерлер үшін жаңа жұмыс орындары мен заманауи қызметтік бөлмелер жабдықталды.

Жаңғырту нәтижесінде Ауыл және Белағаш вокзалдары қауіпсіздік талаптарына, санитарлық нормаларға және жолаушыларға қызмет көрсету стандарттарына толық сәйкестендірілді. Жоба тұрғындарға көрсетілетін көлік қызметтерінің сапасын арттыруға және жолаушылардың жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Наверх