Абай күніне орай Қазақстанда 350-ден астам мәдени іс-шара өтеді

Абай Құнанбайұлының 181 жылдығына орай ел көлемінде концерттер, көрмелер, әдеби кештер, ғылыми конференциялар, айтыстар мен ағартушылық жобалар ұйымдастырылады.

 semeylib.kz 8 Тамыз 2026, 12:56
8 Тамыз 2026, 12:56
88
Фото: semeylib.kz

Абай Құнанбайұлының күніне орай Қазақстанда ауқымды мерекелік бағдарлама әзірленді. 8-10 тамыз аралығында ел көлемінде 350-ден астам мәдени, ғылыми-ағартушылық, білім беру және спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Биыл 10 тамызда ұлы ақын, ойшыл, ағартушы әрі сазгер Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толады.

Абай мұрасы әлдеқашан Қазақстан шекарасынан асып, халықаралық деңгейде мойындалған. 1995 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталып өтті. Оның әдеби және философиялық еңбектері, музыкалық мұрасы, білім, еңбек, әділдік пен адамгершілік туралы ойлары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Республикалық бағдарламаның негізгі іс-шаралары Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты ұйымдарда өтеді.

Дәрістер, көрмелер және ғылыми басқосулар

Алғашқы іс-шаралар 7 тамызда басталды. Ұлттық академиялық кітапханада ойшыл мұрасын зерттеу мен насихаттауға арналған «Абай әлемі – мәңгілік мұра» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Алматыдағы Ұлттық кітапханада қатысушылар «Ұлы халықтың – Ұлы Абайы» зияткерлік квизінде білімдерін сынады. Ұлттық музейде «Абай сөзі – ұрпаққа аманат» музейлік сабағы мен «Абай мұралары – көненің көзі» тақырыптық экскурсиясы ұйымдастырылып, ақынның өмірі, шығармашылығы мен философиялық көзқарастары таныстырылды.

Семейдегі Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы да мазмұнды бағдарлама әзірледі. 10 тамызда мұнда «Абай дәуірі: құжаттар мен естеліктер» және «Бейнелеу өнеріндегі Абай әлемі» көрмелері ашылады. Сонымен қатар әдеби квест, Абай әндерінің фестивалі және «Абай ұлдарымен» ескерткішіне гүл қою рәсімі өтеді.

Тақырыптық іс-шаралар Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде, Ұлттық музейде, «Берел», «Таңбалы» музей-қорықтарында және басқа да мәдениет мекемелерінде ұйымдастырылады.

Деректі фильмнің тұсаукесері және театр жобалары

Мерекелік бағдарламаға театрлар мен кинематография ұйымдары да қосылады. Олар музыкалық және бейнежобалар, Абай шығармалары мен оның туындыларының желісімен қойылған спектакльдерден үзінділер ұсынады.

10 тамызда Алматыда «Алғашқы кітап» деректі фильмінің ресми тұсаукесері өтеді. Картина Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Абай күні шетелде де аталып өтеді

Мерекелік шаралар халықаралық деңгейде де ұйымдастырылады. 10 тамызда Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында «Цзиньтай» музейімен бірлесіп «Абай – Ұлы тұлға» атты дөңгелек үстел өтеді. Онда Абайдың әдеби-философиялық мұрасы мен оның идеяларын шетелде насихаттау мәселелері талқыланады.

Астана, Алматы және өңірлердегі іс-шаралар

Астанада да кең көлемді бағдарлама жоспарланған. 8-10 тамыз аралығында Жазушылар аллеясында «Өлең сөздің патшасы...» поэзия кеші өтсе, қалалық саябақтарда «Әнді сүйсең, менше сүй» атты Абай әндерінен караоке ұйымдастырылады.

Еліміздің әр өңірінен келген жас қаламгерлер «Сөз өнері. Жасампаз жас қалам» республикалық форумында бас қосады. Сонымен қатар елордада әдеби-сазды кештер, дәрістер, викториналар мен кітап көрмелері өтеді.

Алматыда әдеби, музейлік және ағартушылық жобалар жалғасады. Шымкентте поэзия кештері мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, «Хакім Абай» музейінде ашық есік күні, тақырыптық көрме және экскурсиялар өтеді.

Өңірлерде айтыстар, концерттер, спектакльдер, «Абай оқулары» байқаулары, поэзия кештері, көрмелер мен білім беру жобалары өткізіледі.

Абай облысында 8-9 тамыз күндері «Abai Joly – 100 miles» республикалық ультрамарафоны өтсе, 10 тамызда «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылады.

Мерекелік іс-шаралар облыс орталықтары мен ірі қалаларды ғана емес, аудандар мен ауылдарды да қамтиды. 10 тамызда Астана, Алматы, Шымкент және барлық облыс орталықтарында Абай Құнанбайұлының ескерткіштеріне гүл қою рәсімдері өтеді. Оған шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері, жастар мен жұртшылық қатысады.

Осылайша, Абай күні тек атаулы мереке ғана емес, ұлы ойшылдың әдеби әрі рухани мұрасы төңірегінде жұртшылықты біріктіретін ірі мәдени-ағартушылық алаңға айналады.

Наверх