Абай-175: Қарағандыда Абай атындағы даңғыл пайда болады

28 Қаңтар 2020, 21:38
2619
Бөлісу:
Абай-175: Қарағандыда Абай атындағы даңғыл пайда болады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Осы уақытқа дейін облыс орталығында хакім Абайдың атымен аталатын бірде бір көше болмаған еді. Енді бұл олқылықтың орны толатын болды. Қарағанды халқы Абай мерейтойына орай осындай сый жасамақ.
 

 

Биыл қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл, ғалым, философ, аудармашы, әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Осыған орай еліміздің барлық аймағында ұлы тұлғаның есімін дәріптеу, болашақ ұрпаққа Абайдың шығармаларын насихаттау бағытында көптеген шаралар жоспарланған. Қарағанды да осы тойдан шет қалмақ емес. Алдағы уақыттары қаланың орталығындағы кең даңғылдардың біріне Абай Құнанбайұлының аты берілмек. Бұл жайында көше аттарын ауыстыруға байланысты қоғамдық тыңдалымда белгілі болған еді.

Идеологиялық тұрғыда ескірген атауларды заман талабына сай өзгерту Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысының 2 тармағының 5 бөліміне сәйкес тиісті аумақ халқының пікірі мәслихаттың тұрақты комиссияларының өткізілген көпшілік тыңдауларының негізінде ескеріліп, хаттамамен рәсімделеді. Қоғамдық тыңдалымның нәтижесі облыстық мәслихат сессиясында, одан кейін республикалық ономастикалық комиссияда қаралып, содан кейін нақты шешім шығарылатын болады, - дейді Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов. 

Қарағанды қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Баян Нұртаваның айтуынша қаланың Ленин көшесінің аты өзгеріп, оған Абай ақынның есімі берілмек.

ҚР Президенті әкімшілігінің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің және олардың құрамдас бөліктерінің атауларын ретке келтіру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде және аумақ халқының пікірін ескере отырып, Қарағанды қаласының он көшесінің атын өзгерту мәселесі қоғамдық тыңдалымға ұсынылған болатын. Оның ішінде Ленин көшесіне Абай Құнанбавұлының атын беру ұсынылған, - дейді Баян Нұртаева. 

Қоғамдық тыңдалымға келген жастар Сарыарқа төрінде Абай көшесінің болмауын құптамайтындығы жеткізді. Олардың пікірінше, Қарағандыда Абай атындағы көшенің болмауы халқымыз үшін сын.

Мен жастайымнан жетім қалып, Теміртау қаласындағы балалар үйінде тәрбиелендім. Өзімнің ынтамның және тәрбиешілердің көмегінің арқасында қазақ тілінде жетік меңгеріп алдым. Қаным орыс болса да, жүрегім қазақ деп соғады. Қарағандыда Абай атамыздың атындағы көшенің жоқтығын естігенде, қатты қынжылдым. Сондықтанда қоғамдық тыңдалымға өзімнің пікірімді білдіруге келдім. Енді міне, қаламызда Абай атындағы көше болады екен, өте ризамын. Барлық қарағандылықтарды Абай көшесінің аталуымен құттықтаймын, - дейді Елизаветта Теришева. 

Қарағандылықтар Ленин атауының идеологиялық тұрғыда ескіргенін, бұл көшенің енді Абай Құнанбаевтың атымен аталу тарихи оқыға екендігін айтады. Осы тұрғыда өздерінің ұсыныстарын да жеткізді.

Қарағандыда Абай мен Қасым ақындар атындағы көшелердің пайда болатындығы барлығымыз үшін қуанышты жағдай. Осы жерде менің мынадай ұсынысым бар. Көше атаулары "Абай Құнанбаев", "Қасым Аманжолов" деп емес, "Бұқыр Жырау даңғылы" сияқты "Абай ақын", "Қасым ақын" деп аталуын сұраймын. Себебі, қаламыздағы "Сәбит Мұқанов" көшесі орыс тілді халық арасында "Муканова" аталып кеткен. Ол көшенің Сәбит Мұқанов атындағы көше екендігін көпшілік тұрғындар білмейді, - дейді қала тұрғыны Қабди Жанұзақ. 

Қазіргі Ленин көшесі қаланың орталығында орналасқан үлкен әрі кең көшелердің бірі. Оның ұзындығы 2690 метр, көше бойында 160-қа тарта нысан бар.

 
 

Өзгелердің жаңалығы