А4 қағазын шетелдік компаниялардан сатып алуға тыйым салынады

11 Тамыз 2023, 17:50
731
Бөлісу:
А4 қағазын шетелдік компаниялардан сатып алуға тыйым салынады
Фото: Артём Чурсинов - архив

Қазақстанда кеңсе қағазын шетелдік компаниялардан сатып алуға тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ашық НҚА» порталында «Ұлттық режимнен алып қоюды белгілеудің кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы жарияланған. А3 және А4 форматтарында жазу, басып шығару немесе басқа да графикалық мақсаттар үшін пайдаланылатын қағаз алып қою тізбесіне енгізілуі мүмкін.

Кеңсе қағазын жеткізетін шетелдік компанияларды мемлекеттік сатып алуға қатысуын шектеу ішкі нарықты импорттан қорғауға және отандық тауар өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді.

Кеңсе қағазын алып қою тізбесіне енгізуді «Атамекен» ҰКП және Қазақстан қаптамашылар қауымдастығы бастамалады.

«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры Алмат Асқардың айтуынша, кейінгі үш жылда Қазақстан жеке өндірістерді құру бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанына қарамастан, қазір мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алуына шетелдік компаниялар көптеп қатысып жатыр.

Осы жылдың төрт айы ішінде жазу, баспа немесе басқа да графикалық мақсаттарға арналған қағаз бен картонның импорты ақшалай мәнде 2022 жылдың аналогтық кезеңімен салыстырғанда 51,6%-ға өсіп, 6,3 млрд теңгені құрады. Ал заттай мәнде 18,5%-ға ұлғайып, 10,9 тоннаны құрады, – деді спикер.

Спикер қағазды жеткізетін негізгі көздер ірі шетелдік компаниялардың көтерме сатушылары мен дистрибьютерлері екенін айтты. Бұл компаниялар әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты Қазақстан нарығына назар аудара бастаған. Қазақстанда өндірісі жоқ, жабдық пен персоналға шығын шығармай шетелдіктер конкурста демпинг көрсетіп, төмен баға ұсына алады. Осылайша отандық өндірушілер тапсырыстан, сәйкесінше жұмыстан қағылып отыр.

Қазір Қазақстанда Астана, Алматы, Шымкент және Петропавл қалаларында кеңсе қағазын өндіретін кәсіпорындар тіркелген және белсенді жұмыс істеп жатыр. Кәсіпорындардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 23 мың тоннадан асады. Бұл ретте 2022 жылы сатып алудың барлық көлемі шамамен 15 мың тоннаны құрады.

А3 және А4 форматындағы кеңсе техникасы үшін қағаз өндіруші отандық кәсіпорындар сатып алудың қажетті көлемін толық қамтуға, керек болса, өндірістік қуатты арттыруға дайын. Сонымен қатар отандық өндірушілер бюджетке салық аударымдарын қамтамасыз етеді. Импорт азаяды. Сондай-ақ біздің компаниялар дайын өнім экспортын жолға қоюға дайын, – деп атап өтті Қазақстанның қаптамашылар қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров.

Өзгелердің жаңалығы