Ақтаулық оқушылар өздері жасаған зымырандарын ұшырды 

12 Сәуір 2019, 20:28
3392
Бөлісу:
Ақтаулық оқушылар өздері жасаған зымырандарын ұшырды  
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ғарышкерлер күні Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мектеп алаңында 8 зымыранды көкке ұшырды.

Балалар бірсатылы оқ-дәрілі зымыранды оқу орнында өтіп жатқан «Ғылым» декадасының аясында ұйымдастырылған зымыран құрастыру шеберлік сағатында жасап үйренген.

Зияткерлік мектепте 8 сәуірден бері балаларды нақты ғылым түрлерімен айналысуға шақыратын «Ғылым» тақырыбындағы онкүндік өтіп жатыр. Физика, химия, математика, биология пәндерінен күн сайын қызықты зерттеу сабақтарын, шеберлік сағаттар мен байқауларды өтуде. Сондай шараның бірі - зымыран құрастыру шеберлік сабағын физика кафедрасының ұстаздары өткізіп, балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Шеберлік сағатқа ғарыш саласы ерекше қызықтыратын оқушылар таңдалып алынды.15-ке жуық оқушы өз қолдарымен зымыран жасап, оның жұмыс жасау механизмімен танысты.

Ақтаулық оқушылар өздері жасаған зымырандарын ұшырды  
  
"Ғарышқа ұшатын зымырандарды көрген кезде оның қалай құрастырылатындығын көріп, жүйенің қалай жұмыс жасайтынын бәріміз білгіміз келеді. Бүгінгі шеберлік сағаты біздің сол ойымызды жүзеге асырып, зымыран құрастыру саласындағы білімімізді кеңейтуге көмектеседі. Шараның ерекше тұсы мұғалімдеріміздің зымыранды қолда бар қатты қағаз, пенопласт, тұрба, қалам,сызғыш секілді заттардан жасауға болатындығын көрсеткені", - дейді сабаққа қатысқан Дана Заркум.

Айта кету керек, оқушылар зымыран құрастыру және ұшырумен алғаш рет айналысып отырған жоқ. Олар жыл сайын зымыранды ұшырудың әртүрлі жолдарын бақылап көріп, эксперименттер жүргізеді.

"Бұл салаға осыдан екі жыл бұрын қызыға бастадым. Өткен жылы біз су қысымының көмегімен зымыран ұшыруға тырыстық. Бірақ ол кезде құрылғымыз ұшпап еді. Ал биыл біз бірсатылы түрін жасап, оны оқ- дәрі көмегімен ұшырып көрдік. Бір сәтте төрт зымыран қатар ұшқанын көрген достарымыз қатты қолдау білдірді. Біз одан сайын қызыға түстік", - дейді 10 сынып оқушысы Мағжан Утеев.

Ақтаулық оқушылар өздері жасаған зымырандарын ұшырды  

 Жиында мұғалімдермен бірге «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбында Қызылордада өткен ІХ Наурыз кездесулері ғылыми жобалар байқауына қатысқан оқушылар белсенділік танытып, өзге достарына көмек көрсетті.

"ІХ Наурыз кездесулері байқауы ғарыш саласына балаларды баулуға арналған ең керемет жоба дер едім. Өйткені бұл сайыста еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған біз секілді жастарға зымыран, телескоп жасауды үйреткен шеберлік сағаттар, Қазақстанның ғарышкерлерімен кездесу, NASA SpaceХ секілді алып зерттеуші компанияларының мамандарынан дәріс алу мүмкіндігін, ғарыш астанасы Байқоңырды көру бақытын бұйыртқан маңызды шара. Сол жерден үйренген біліміммен достарыма бөліскеніме қуаныштымын дейді", - 11 сынып оқушысы Динара Тілегенова.

"Бұл балаларды ғарыш саласын зерттеуге бағыттайтын, ниетін оятатын ерекше шара деп есептеймін. Осы шарада зымыран жасау бойынша халықаралық Космонавтика мектебінің мұғалімдерімен бірге шеберлік сағатын өткізгеніме қуаныштымын. Бұл керемет тәжірибе болды", - дейді физика пәнінің мұғалімі Еркін Макенов.


Өзгелердің жаңалығы