Астана, BAQ.KZ. Биыл 805 мың гектардан астам жерге дән себіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай мәлімдеді.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы 805 мың гектар алқапқа егіс себу, соның ішінде 451 мың гектарға дәнді, 50 мың гектарға майлы, 292,3 мың гектарға мал азықтық дақылдарды және 6,2 мың гектарға картоп пен 5,5 мың гектарға көкөніс, бақша дақылдарын егу жоспарланған.
«Былтырғымен салыстырғанда, егіс алқабы 10%-ға немесе 73,7 мың гектарға ұлғаяды деп күтіліп отыр. Егістік аумақтардың жалпы құрылымында дәнді дақылдардың үлесі 56%, мал азықтық дақылдар - 36,3%, майлы дақылдар - 6,2%-ды құрайды. Осы мақсатта 39,8 мың тонна тұқым дайындалды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдарын минералдық тыңайтқыштармен және гербицидтермен қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр. 340 мың гектар егістік алқабын өңдеу жоспарлануда", - деп атап өтті Құсайын Сәрсембай.
Көктемгі егіс жұмыстарына 5608 бірлік трактор, 81 бірлік егіс кешендерін, 2274 тұқым сепкіш пен 1338 бірлік топырақ өңдейтін техникаларды іске қосу жоспарлануда. Бұл мақсатқа 8500 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, арзандатылған дизель отынын босату құны наурыз айында литрі 169,5 теңгені құрайды.
Сондай-ақ, Құсайын Сәрсембай өңірде суармалы жерлердің көлемін кеңейту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Атап айтқанда, қосымша суармалы жерлерді айналымға тарту мақсатында, халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты есебінен 8,3 мың гектар алаңда қажетті инфрақұрылымды жеткізу жұмыстары жүргізілді.
"Сонымен қатар, тасқын кезеңінде су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында, су қоймаларын салу қажеттігі туындады. Жаңа су қоймаларын салу кезінде суармалы егіншілікке 32,9 мың гектар жерді тарту және суармалы жерлерде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жөніндегі ірі жобаларды іске асыру мүмкіндігі пайда болады. Облыс аумағында тасқын суларды ұстау мақсатында, қысқы кезеңде қосымша 25 ұсақ су қоймаларына техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Су қоймаларын салу жұмыстары суармалы жерлердің көлемін 100 мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді деп күтілуде", - деді Құсайын Сәрсембай.