«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автожолының құрылысы барысында адам сүйектері табылды

27 Шілде 2019, 08:39
1855
Бөлісу:
«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автожолының құрылысы барысында адам сүйектері табылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» баспасөз қызметі хабарлады.

«Құрманғазы ауданы Жаңаталап ауылдық округінің Күйген елдімекені жанынан жол салуға қажетті топырақ алынып жатқан карьерден адам сүйектері табылған.Оқиға орнына аудан әкімі, аудандық мәслихаттың хатшысы, құқық қорғау мекемесі, прокуратура, қоғамдық ұйымдар, ҰҚК және БАҚ өкілдері арнайы барып бақылап қайтты.Белгілі болғандай үш адамның сүйегі 10 метр тереңдікте топырақ астынан шыққан»,-делінген хабарламада.

Айта кетсек, бұл жер қорымнан біраз қашықтықта орналасқан. «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автожолын қайта жаңарту жұмыстарының бас мердігері «СинеМидасСтрой» компаниясы өкілдері аталмыш оқиға тіркелген сәттен бастап, карьердегі барлық жұмысты тоқтатты. Сондай-ақ, мердігер компанияның басшысы карьер жұмысын басқа жерге ауыстыруды тапсырды.

Жергілікті тұрғындардың және ақсақалдардың айтуынша, аталмыш жерде қорым болғанын ешкім білмеген. Табылған адам сүйектері қай ғасырға жататыны әзірге белгісіз. Құқық қорғау орындары тиісті экспертиза жүргізгеннен кейін адам сүйектері ауыл іргесіндегі қорымға арулап жерленеді.

Карьердегі жұмысшылар адам сүйектері табылған сәтте мердігер мекеме «СинеМидасСтрой» басшыларына хабарламастан телефонға түсіріп әлеуметтік желіге жариялап жіберген болатын.

Құрманғазы ауданы әкімі Қайрат Нұртаев карьер басындағы жұмысшылармен әңгімелесіп, аталмыш жағдай кездессе, дереу аудан әкімдігіне, «СинеМидасСтрой» компаниясы басшыларына хабар беруді ескертті.

Өзгелердің жаңалығы