Ақсуда ғарыштан тексеру арқылы 167 заңсыз қоқыс орны анықталды

1 Қараша 2019, 05:25
2190
Бөлісу:
Ақсуда ғарыштан тексеру арқылы 167 заңсыз қоқыс орны анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Қазақстан ғарыш сапары ұлттық компаниясы" АҚ геопорталының тексерісі барысында 2019 жылы Ақсу қаласының ауылдық аймағында 167 заңсыз қоқыс орны анықталған, деп жазды pavlodarnews.kz.

Алғабас ауылдық округінде ғана геопортал мәліметтеріне сәйкес, 33 заңсыз қоқыс орны бар. Тексеріс нәтижелері бойынша қалдықтармен жұмыс жасауда экологиялық заңнама нормаларын сақтау бойынша шаралар қолданбағаны үшін округ әкіміне сомасы 18 938 теңге айыппұл салынды. Алғабас ауылдық округының әкімі Мерхат Уалитовтың мәлімдеуінше, қоқыс полигонын жою үшін биылғы жылға 500 мың теңге бөлінген. Кейін Павлодар облыстық мәслихатының экология және қоршаған ортаны қорғау комиссиясының қолдауы арқылы бюджетті соңғы нақтылау кезінде қосымша 5 млн қаржы бөлінді.
Желтоқсан айының соңына дейін осы қоқыс орындарын толықтай жоюды жоспарлап отырмыз  Ауылдың қасындағы қоқыс орнының бірінде бұрын мал шаруашылығы кешені болған. Жалпы аумағы 8,6 гектарды құрайды. Бұл Кеңес Одағы кезіннен бері қалған, яғни шамамен 20-30 жыл өткен. Бұл жерге ауыл тұрғындарынан басқа, көрші ауылдардың адамдары да қоқыстарын төгеді. Осы маңайда қоқыс орны үшін екі гектар жер бөлінді. Қоқыстардың барлығы сол жаққа шығарылатын болады, - дейді Мерхат Уалитов.
Сонымен қатар, ауыл әкімі бөлінген жерге қоршау қойылатынын атап өтті. Бірақ қоқысты бөлек жинау үшін цех қажет. Алдын ала талдау бойынша, осы ауылға мұндай цех салу үшін 15 млн теңге қаржы қажет.



Өзгелердің жаңалығы