Ақмолада көпбалалы аналарды қолдау үшін 700 млн теңге бөлінеді

5 Наурыз 2019, 22:46
1758
Бөлісу:
Ақмолада көпбалалы аналарды қолдау үшін 700 млн теңге бөлінеді
Фото: автордан

Ақмола. BAQ.KZ тілшісі. Ақмола өңірінде тұрмысы нашар көпбалалы отбасыларды қолдауға 700 миллион теңге бағытталмақшы. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы активінің кеңейтілген отырысында мәлім болды.  

Актив кеңесінде Партияның ХVІІІ съезінде Елбасының берген тапсырмалары аясында өмір сапасын жақсартуға арналған өңірлік саясатты іске асыру мақсатында облыс аумағында жүргізіліп жатқан шаралар барысы талқыланды.

Өңір басшысы Мәлік Мырзалин Елбасы қойған мақсаттарды жүзеге асыру үшін нақты жобалар қолға алынғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы айқындап берген жаңа бастамалар - партия жұмысының негізгі басымдықтары. Елбасы тапсырмасымен биылғы жылдың 1 шілдесінен облыстағы 32 мың бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға артатын болады. Бұл мақсатқа 2019-2021 жылдары қосымша 980 млрд теңге бөлінетін болады. Аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы отбасыларды қолдау басты назарда. Қазіргі уақытта өңірде 2700 аз қамтылған отбасылар мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алады. Нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілгеннен кейін олардың саны 1 мыңға артады. Әлеуметтік көмекке мұқтаж көпбалалы отбасылардың саны екі есеге көбейіп, 1430-ды құрайтын болады. Мемлекет басшысы мұқтаж жандарға жергілікті бюджеттен есебінен көмек көрсету тапсырды. Биылғы жылдың мамыр айынан бастап облыста көпбалалы аналарды қолдау үшін 700 млн теңге бөлінеді», - деді Мәлік Мырзалин.

Ақмолада көпбалалы аналарды қолдау үшін 700 млн теңге бөлінеді

Облыста 13 мың оқушы тегін ыстық тамақпен және мектеп формасы, оқулықтар, кеңсе тауарларымен қамтылған. Ыстық тамаққа қосыма 213 млн теңге бөліну көзделіп отыр.

«Аудан орталықтары мен қалаларда 6900 ана мен бала қоғамдық көлікте тегін жүретін болады. Кірісі күнкөріс деңгейінен төмен 1150 отбасыға бірреттік көмек тағайындау мақсатында қосымша 44 млн теңге бөлінеді. Әлеуметтік көмек құны отбасының кірісіне қарай 30-50 мың теңге аралығында. 2 мың отбасыға улы газдан қорғайтын автоматты құрылғылар орнатылатын болады», - дейді өңір басшысы.

Мемлекет басшысы көпбалалы және толық емес отбасылар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған, кірісі төмен жандарды баспанамен қамтуды тапсырғаны белгілі. Облыста 22 мыңнан аса отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың 9 мыңы аз қамтылған, 809-ы көпбалалы отбасылар. Биыл өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасымен 20 арендалық және 12 кредиттік үйлер бой көтермекші.

Облыс орталығында құрылған арнайы жұмыс тобы тұрмысы төмен 300-ге жуық отбасылардың жағдайымен танысты.

«Қоғамдық қабылдаулар барысында 59 адам жұмысқа орналастырылып, 28 отбасы мекен-жайлық тіркеуге қойылды. 78 көпбалалы отбасыларға азық түлік, отын-көмір, киім-кешекпен көмек берілді. Бүгінгі күні Көкшетауда тұрып жатқан 899 көпбалалы отбасыларда 4 мыңға жуық бала тіркелген. Өткен жылы 96 көпбалалы отбасыларға 17,5 млн теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді. 1200 оқушы тегін тамақпен қамтылып, лагерьлерге жолдама берілді», - дейді Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев.

Қалада 10236 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 4657-сі аз қамтылған, 318-і көпбалалы отбасылар.

Қазіргі күні көпшілікті баспана, мемлекеттен бөлінетін жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмектің көбеюі, қоғамдық көліктегі жолақы жайы алаңдатып отыр.

«Отбасындағы кіріс күнкөріс деңгейінің 70 пайызына жеткізілуі тиіс. Айталық, Астрахан селосындағы Юсуповтар отбасында сегіз адам тұрады, оның алтауы балалар. Бүгінгі күні олар алты айға 201840 теңгенің атаулы әлеуметтік көмегін алып отыр. 1 шілдеден бастап заңнамаға өзгертулер енгізілгеннен кейін бұл отбасы алты айда 932916 теңгеге қол жеткізетін болады», - деп түсіндірді облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жетекшісінің орынбасары Шолпан Рахматуллина.

Әсем Ұланқызы

Фото: автор

Өзгелердің жаңалығы