Ақмолада «Ел үлесі – пәтерге» жобасына атсалысушылар қатары артып келеді

8 Ақпан 2019, 09:16
2598
Бөлісу:
Ақмолада «Ел үлесі – пәтерге» жобасына атсалысушылар қатары артып келеді

Ақмола. Baq.kz тілшісі. Ақмола өңіріндегі «Ел үлесі – пәтерге!» жобасы баспанасы жоқ, тұрмыстары төмен көпбалалы отбасыларға  халық болып жиналып үй сатып әперуді  көздейтін  бастама. Республика мешіттерінде алғаш қолға алынған халықтық жобаға атсалысушы ақмолалықтар  қатары артып келеді.

Өңірде жүзеге асырылып жатқан қайырымдылық шаралардың ең ауқымдысы – "Ел үлесі пәтерге" жобасы. Науан Хазірет атындағы орталық мешіт пен "Зекет" корпоративтік қоры қолға алған жоба шеңберінде былтыр  көпбалалы, тұрмысы төмен 3 отбасына пәтер сатып әперілді.

«Бастапқыда жұмысымызды жарнамаладық. Жұма намазына жиналған жамағатқа осы жоба жайлы айтып, иманды бастамаға атсалысуға шақырдық. «Ел үлесі - пәтерге» деген арнайы тақта қойылып, ақша салынатын шыны жәшік жасаттық. Сауапты іске атсалысушылар қатары күн санап артып, қаржы көлемі көбейе түсті. Аз ғана уақытта пәтер алуға қажет ақша жиналды. «Былтыр біраз қайырымдылық шаралары қолға алынды. Егер 4 мың адам 2 мың теңгеден садақа ететін болса, 8 миллион теңге үй-күйі жоқ отбасыларға пәтер ала аламыз», - дейді «Зекет» қорының жауапты өкілі Ерболат Шәріп.

Алғашқы баспанаға ие болған – көпбалалы ана Мәулімгүл Тарбаққызы. Жалғызбасты ана бұған дейін Нұрлы көште  пәтер жалдап тұрған. Ал екінші пәтер І топтағы мүгедек, екі баланың анасы Гүлнәр Хамзинаға берілді. Оның бел омыртқасы мен жамбас сүйектері үгітілген. Бірнеше жылдар бойы жергілікті әкімшілік пен құзырлы органдардан көмек сұрап келген. Үшінші пәтер 6 баланың анасы Алмагүл Еркінбекова. Күйеуі жол апатынан қайтыс болып, алты баламен жесір қалған әйел бар ауыртпалықты бір өзі көтерген. Бірде ол жұмысқа кеткенде жалға алып отырған үйі өртеніп, үлкен қызы екі бауырын тілсіз жаудан аман алып шығады. Баспананың зардабын тартқан көпбалалы ананың жағдайы өте ауыр болатын.

«Өткен Мәуліт мерекесінде ерекше толқынысты жағдайды бастан өткердік. Ел болып жинаған қаражатқа сатып алынған пәтер екі бала өсіріп отырған мүгедек анаға салтанатты жағдайда табыс етілді. Көп жылдар өзгенің босағасында жүрген кейуананың баспанаға қол жеткізгеніне баршамыз қуандық. Аталған қайырымдылық шарасына әркімнің үлес қосуына мүмкіндік бар. Барлығы ынта-ықыласқа байланысты.Мұқтаж жандардың мәселесінен шет қалмай, қолұшын созуға аға буын өкілдерімен қатар жастар да атсалысуда», - дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев.

Қазіргі күні игі бастамаға қатысуға ниет білдірушілер қатары өсе түскен. Кәсіпкерлермен қатар, қарапайым адамдар да жобаға атсалысуда. 

Былтыр өңірде мұқтаж отбасыларға 9 миллион теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілді. Аталған қаржы өңірдегі мешіттерден жәрдем сұрап келген 648 отбасына үлестірілген. Сондай-ақ, 4 мыңнан аса отбасыға 25 тонна ет таратылды. Әл-ауқаты төмен 63 отбасы отын-көмірмен қамтылды. Өңір мешіттері «Мектепке жол» акциясы аясында 800-ден астам оқушыға оқу құралдарын сатып әперді.

Әсем Ұланқызы
Өзгелердің жаңалығы