Қарағандыда коттеджде тұратын АӘК алушы анықталды

21 Қазан 2019, 10:10
3775
Бөлісу:
Қарағандыда коттеджде тұратын АӘК алушы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды ​​облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан жүргізілген атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың заңдылығын тексеру жұмыстары барысында АӘК алушылардың арасында үш қабатты коттеджде тұратын отбасы анықталды.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова Қарағанды ​​облысы тұрғындарының әлеуметтік қызметкерлерді алдауының өрескел фактілері туралы хабарлады. Оның айтуынша, АӘК тағайындау кезінде ең көп кездесетін бұзушылық – нақты кірістерді жасыру, отбасының тұрмыс жағдайы мен өмір сүру шарттары туралы жалған ақпарат беру болып табылады.    

"Осылайша, Қарағанды ​​қаласында 8 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы 2019 жылғы мамыр айында АӘК тағайындауға өтініш білдірді. Отбасына ай сайын жалпы сомасы 105 843 теңгені құрайтын 2 339 688 теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалды. Біздің басқарманың жүргізген АӘК тағайындаудың заңдылығын тексеру кезінде бұл отбасы жалпы ауданы 100 шаршы метрден асатын үш қабатты коттеджде тұратындығы анықталды. Оның үстіне, жеке меншігінде көлігі бар, яғни олардың тұрмыс жағдайы жеткілікті. Аталған отбасына қайта есептеу жүргізіліп, нәтижесінде оларға АӘК тағайындаудан бас тартылды", – деді Әсем Жүнісбекова.

Оның айтуынша, әлеуметтік көмекті заңсыз жолмен алу мақсатында кейбір қарағандылықтар нақты тұратын немесе уақытша тіркелген мекен-жайын жасырмақшы болған. Мысалы, АӘК алушыларды аралау барысында тұратын мекен-жайын жалған көрсетіп,  ай сайын 108 882 теңге көлемінде жалпы сомасы 1 306 мың теңге төлем тағайындалған отбасы анықталды. Ал, шын мәнінде отбасы қымбат жөндеуден өткен екі қабатты коттеджде тұрады, жеке меншігінде автомашинасы бар.    

Қарағанды облысы бойынша барлығы атаулы әлеуметтік көмек төлеу 92 отбасына уақытша және 890 отбасына мүлде тоқтатылды. 1 621 отбасына қайта есептеу жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, АӘК тағайындау мен төлеудің дұрыстығын мониторингтеу нәтижесінде 73 мыңнан астам атаулы әлеуметтік көмек алушы табысы туралы жалған ақпарат бергені анықталды.

Осыған байланысты министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып, әрбір анықталған факті бойынша, бұзушылықтарға жол бермеу және "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" ҚР Заңын бұза отырып тағайындалған төлемдерді қайта қарау бойынша жеке-жеке жұмыс жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғастырылуда.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 7 қазанда ҚР Үкіметі отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырған болатын.



Өзгелердің жаңалығы