93 жастағы соғыс ардагері балық аулауды әдетке айналдырған

9 Мамыр 2019, 11:18
2115
Бөлісу:
93 жастағы соғыс ардагері балық аулауды әдетке айналдырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтоғай ауданында қалған жалғыз ҰОС ардагері Коробкин Михаил Павлович күні бүгінге дейін балық аулаумен айналысады, деп жазады Рavlodarnews.kz. 


93 жастағы ардагер таңертең ерте өзен жағалап, таза ауада серуендегенді әдетке айналдырған. 

Михаил Коробкин 1926 жылы Ақтоғай ауданының Харьков ауылында дүниеге келген. Анасынан ерте айырылғаннан кейін бір жыл балалар үйінде тәрбиеленген. 1932 жылы ұжымдастыру кезінде Омбы жаққа жұмыс іздеп кеткен әкесі елге оралғаннан кейін өзінің қасына алған. 

1941 жылы соғыс басталғанда 15 жастағы бозбала 5-сыныпты бітірген. 1943 жылға дейін ауданда жылқы бағып, шөп шауып жұмыс жасаған. Қызыл әскер қатарына қабылданғаннан кейін Петропавл қаласында қысқа мерзімді байланысшы-кіші офицерлерді даярлау курсынан өтіп, майдан даласына аттанған. Белоруссияны басқыншылардан азат етуге қатысқан. 

93 жастағы соғыс ардагері балық аулауды әдетке айналдырған

Орша қаласы түбінде қолынан жарақаттанған. Жарасы жазылған соң Шығыс Пруссияға жіберіліп, соғысты Чехославакияның Прага қаласында аяқтайды. 

«Былтыр Павлодар-Астана-Мәскеу-Минск бағыты бойынша жалғыз өзі ұшақпен Беларусь елінде тұратын қызына барып келді. Көмір шахтасында үзіліссіз 20 жыл еңбек етіп, 50 жасында құрметті демалысқа шықты. Кезінде әкесі (бұрынғы Краснокутск) қазіргі Ақтоғай ауылындағы балық шаруашылығында жұмыс істеген. Бала күнінде әкеден көрген кәсіп кейіннен ардагердің қолы қалт еткенде айналысатын ермегіне айналған. Қазіргі күні үйінің іргесіндегі көлге барып, балық аулап тұрады», дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дари Куватов. 

Соғыстан кейін 1950 жылға дейін Беларусьте әскери қызмет атқарып, кейін Теміртау металлургиялық зауытын салуға аттанады. 

Сол жылы Кеңес Одағының маршалы С. Тимошенконың атынан патефон және И. Сталиннің сөзі жазылған үш пластинка сыйға тартылған. Бір жылдан кейін құрылыс жұмыстарын Краснодон қаласындағы Донбасс шахтасына ауыстырады.
Соғыс даласында жүріп «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Өзгелердің жаңалығы