9 млн теңге, сақтандыру және сыйақы: Аймағамбетов дәрігерлердің мәртебесі қалай көтерілетінін айтты

26 Қаңтар 2024, 17:45
13102
Бөлісу:
9 млн теңге, сақтандыру және сыйақы: Аймағамбетов дәрігерлердің мәртебесі қалай көтерілетінін айтты
Фото: Мәжіліс

Елімізде дәрігерлердің мәрбесіне көтеріледі. Мамандардың әл-ауқатын көтеріп, абыройларын арттыру мақсатында заңға арнайы нормалар енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан дәрігерлеріне қандай қолдау көрсетпек? Еңбек сіңірген дәрігерлерге қандай атақ беріледі? Дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігі қалай сақтандырылады? Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов түсіндіріп берді.

Медицина саласына қатысты өте маңызды заң жобасын қабылдадық. Заңда медицина қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыру, оларды әлеуметтік қорғау бойынша маңызды нормалар бар. Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға тапсырма берген болатын. Енді міне біршама тиімді нормалар қабылданып, заң жобасы Сенатқа жіберілді, - деді депутат.

Емханадағы даулар қалай реттеледі?

Дауларды сотқа дейін шешу тетігі енгізіледі:

- пациенттердің өтініштерін тәуелсіз сараптама комиссиясы қарайды.

- оның қорытындысы негізінде сақтандыру төлемі төленеді.

Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне немесе сотқа пациенттің шағымдану құқығы сақталады.

Депутат Асхат Аймағамбетов заңдағы осы норманы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Дәрігерлерлік қызмет көргенде егер азаматтың денсаулығына нұқсан келтірілсе, бұл «медициналық инцидент» болмаса, яғни азаматтарға осы келтірілген нұқсанның қаржылай өтемақысы беріледі. Бұл өте маңызды. Ал қазіргі жүйе қандай? Егер азамат медициналық қызмет алған уақытында денсаулығына нұқсан келтірілсе ол не істейді? Ол сотқа барады... Бірақ сотқа әр азамат бара бермейтіні түсінікті. Ол сауаттылыққа, уақытқа байланысты болуы мүмкін. Сондықтан біз бұл жерде тепе-теңдікті сақтауды мақсат етіп отырмыз. Бір жағынан дәрігерге тиісті қолдау көрсету, екінші жағынан 20 млн азаматымызды қолдау. Яғни енді азаматтарымыздың денсаулығына нұқсан келтірілсе, онда олар өтемақыны сотқа бармай-ақ өндіріп ала алады, - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.

Депутат заңға қол қойылғаннан кейін әр медициналық ұйымда тәуелсіз сарапшылар комиссиялар құрылатынын айтты. Яғни егер медициналық ұйымда азаматтың денсаулығына нұқсан келтірілсе, онда ол комиссияға өтініш бере алады. Комиссияның шешімі шыққан соң, ол дереу сақтандыру компаниясына жіберіліп, азаматтың шотына өтемақысын аударады.

Аймағамбетовтің сөзінше, бұл қазіргі жүйені дәрігерлер үшін де, азаматтар үшін де қарапайым әрі қолжетімді жүйеге айналдырмақ. Өйткені қазіргі жүйеде азамат сотқа жүгінеді, алайда сот процесі 2-3 жылға созылып кетеді. Осылайша азамат өтемақысын да ала алмайды, дәрігерлер қудалауға ұшырап, оларды қылмыстық жауапқа тартуға тырысады, Денсаулық сақтау министрлігіне дәрігерге қатысты шағым айтады. Сөйтіп дәрігер 1-2 жыл бойы тергеліп жатқан қылмыстық істермен басы қатып, кәсіби қызметімен емес тергеу жұмысының мәселесімен айналысып жүреді.

Қазіргі қолданылып жүрген жүйе дәрігерлерге де, азаматтарға да тиімді емес. Енді жаңадан ұсынылып отырған жүйе тек Қазақстан ғана емес, әлемде дамыған мемлекеттерде қабылданған. Дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігі енді сақтандырылады.

Медициналық инцидент деген не?

Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігі сақтандырылады.

Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарасы енгізіледі:

- әрбір медицина мекемесі сақтандыру компаниясымен шарт жасасады.

- сақтандыру жарнасының мөлшері медициналық қызмет тарифтерінің көтерілуі ықтималдығына және медицина қызметкерлерінің штат санына байланысты есептеледі.

Бізді медициналық инцидент деген бар. Оны қарапайым тілмен айтатын болсақ, мысалы, егер бір азаматтың бүйрегін ауыстыратын болса, донор тауып, оны ауыстыру хаттамаларға сәйкес өтеді. Алайда бүйрек белгілі бір физикалық ерекшеліктеріне байланысты қабылданбай қояды. Осы жерде дәрігердің кінәсі бар ма, әлде жоқ па? Әрине, дәрігердің ешқандай кінәсі де, жауапкершілігі де жоқ. Екіншіден, сақтандыру мәселесі де жоқ, - дейді Асхат Аймағамбетов.

Егер осы жерде науқасқа қандай да бір залал келтірілсе, оған сақтандыру бойынша ешқандай төлем берілмейді.

Мысалы, бір азаматқа ота жасап жатыр делік. Ота жасап жатқан кезде бір салфетканы (майлық – ред.) ұмытып кетті. Енді біріншіден, бұл – қылмыстық жауапкершілік. Мұны немқұрайлық деп айтуға болады. Сондықтан дәрігер жауапқа тартылады. Екіншіден, науқасқа нұқсан келтірілсе, оның еміне, сауығып кетуіне қаражат сақтандыру компаниясынан беріледі. Тағы бір мысал, науқасқа ота жасау кезінде оның іші іріңге толы болса, дәрігер науқастың бір мүшесін кесіп тастауға шешім қабылдауы мүмкін. Оны «адал қателік» деп атайды. Мұндай жағдайда дәрігерге қатысты қылмыстық істер болмаса да, науқасқа төленетін залал дәрігердің қалтасынан емес, сақтандыру компаниясынан төленеді, - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, азаматтарға заң аясында 3 тетік қарастырылған. Ол әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті.

Азаматтар комиссияға емес, сотқа жүгінем десе өз еркі. Біз ол норманы қалдырдық. Екінші жағдайда науқас ДСМ-ге жүгініп, тексеріс жүргізуін қаласа да жүзеге асыра алады. Бұл мүмкіндікті де біз қалдырып отырмыз. Яғни азаматтардың құқығы жан-жақты қорғалады. Тиісті құжат түскен соң комиссия 3 күн ішінде құрылуы керек. Кейін ол комиссия 5 күн ішінде тиісті шешімді қабылдауы керек. Бұл жерде азаматтарды да, дәрігерлерді де қолдау бойынша тепе-теңдікті ұстану керек. Заңда осы мәселе қарастырылды, - деді мәжілісмен.

Аймағамбетов елімізге дәрігерлердің өз міндетін қорықпай атқарғаны маңызды екенін айтты.

Сақтандыру көлемі нақты келтірілген нұқсанға байланысты болады. Соттардың шешіміне қарайтын болсақ, сақтандыру көлемі сот тәжірибесінде бекітілген өтемдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болып отыр, - деді ол.

Сақтандыру компаниясынан өтемақы қалай төленеді:

- бірінші топтағы мүгедектікке алып келетін болса 800 АЕК (2 953 600 теңге)

- егер үшінші топтағы мүгедектік болса 500 АЕК (1 846 000 теңге)

- мүгедектікке әкелмейтін, денсаулыққа жай нұқсан келтірілсе, 300 АЕК-ге (1 107 600 теңге).

9 млн теңге кімге беріледі?

Медицина қызметкерлеріне жаңа әлеуметтік кепілдіктер енгізіледі.

- 1 000 АЕК мөлшеріндегі бірреттік төлем қоса берілетін «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы бекітіледі.

- «Үздік медицина маманы» республикалық байқауы өткізіледі. Оның жеңімпазына 500 АЕК көлеміндегі төлем тапсырылады.

- Ауылға жұмысқа келген медицина қызметкеріне ең төменгі жалақы көлеміндегі бірреттік 100 төлем төлеу жоспарланып отыр.

- Балабақшаға қабылдарда медицина қызметкерлерінің балаларына басым құқық беріледі.

- Медицина қызметкерлерінің жұмысы барысында қаза болған немесе мүгедек болып қалған балаларды жоғары оқу орындарына конкурссыз қабылдау ұсынылып отыр.

- Медицина қызметкерлеріне әскери борышын медицина мамандығы бойынша өтеу немесе мерзімді әскери қызметке баруды кейінге қалдыру құқығы беріледі.

AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында бір мәселені көтерген болатынбыз. Ол – ауылға баратын жас дәрігерлерге ауылға барғанын қолдап, ынталандыру үшін бірреттік өтемақы беру жайлы. Міне, біз осы уәдемізді орындап отырмыз. Бұл заң жобасы қабылданды. Енді ауылға барған жас маман, жас дәрігер 100 ЕТЖ (ең төменгі жалақы – 85 000 теңге), яғни шамамен 9 млн теңге көлемінде көтерме ақы алады. Бұл өте маңызды. Ауылға барғанда ынталандыратын «Дипломмен ауылға» сияқты бағдарламалардан бөлек осындай көтерме ақы төленеді. Яғни, ауылдағы медицинаны дамытып, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін осындай қолдау көрсетілмекші, - деді депутат.

Оның сөзінше, ауылға көшіп келген жас маман үшін 9 млн теңге – айтарлықтай жақсы қолдау. Бірақ оған қойылатын талап та бар. Жас мамандар барған ауылында 5 жыл жұмыс істеуі керек.

Депутат атап өткендей, 2024 жылы ең төменгі жалақы көлемі 85 000 теңге. Ал алдағы жылдары оның көлемі тағы өссе, онда ауылға баратын дәрігерлер 9 млн теңге емес, одан да көп алуы мүмкін.

Еңбек сіңірген дәрігерге сыйақы беріледі

Елімізде дәрігерлерге «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» деген жаңа атақ берілмек.

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында енгізіліп жатыр. Бұл атақпен қоса 1000 АЕК-пен тең бір мезгіл көтерме ақы беріледі.

«Үздік маманға» 500 АЕК үстемақы беріледі. Коронавирус кезінде біз дәрігерлердің шығынын көрдік. Енді заңда егер осындай індет кезінде дәрігерлер қаза болса немесе мүгедек атанса, олардың балаларына біздің ЖОО-да оқу үшін ешбір емтихансыз грант беріледі. Бұл да дәрігерлерді қолдаудың өте маңызды бір тетігі деп білеміз, - деді Аймағамбетов.

Оған қоса ол сақтандыру қаражаты қандай көзден бөлінетінін түсіндіріп берді.

Осыған дейін дәрігер қалтасынан сақтандыруға 50 пайыз жарнаны өзі төледі. Ал 50 пайызын мекеме төледі. Біздің ойымызша, бұл әділетсіз. Себебі заң жобасы дәрігерлердің мүддесін қорғауға бағытталған. Біз осы бойынша түзету енгіздік. Оны Үкімет те қолдады. Бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді, - деп түсіндірді Аймағамбетов.

Сонымен қатар клиникалық хаттамаларды қолдану енді міндеттелмейді. Яғни медициналық көмек көрсеткен кезде медицина қызметкерлеріне емделушінің жеке ерекшеліктеріне қарай тиімді емдеу әдістерін таңдау мүмкіндігі беріледі.

Мәжіліс 24 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдағанын еске сала кетейік. Енді заңды Сенат қабылдап, Президент қол қойғаннан кейін жоғарыда айтылған нормалар іске асырылады.

Өзгелердің жаңалығы