Жамбыл облысы аумағынан 82 нысан энциклопедияға енгізіледі

14 Мамыр 2019, 09:14
4438
Бөлісу:
Жамбыл облысы аумағынан 82 нысан энциклопедияға енгізіледі
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде Жамбыл облысының аумағында 3 мыңнан аса тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың 711-і – мемлекеттік, 25-і – республикалық, 5-еуі халықаралық болса, қалғаны алдын ала тізімге алынған. ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени Мұра» тізбесіне Әулиата өңірінен Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкен Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары мен Ақыртас сарай кешені еніпті. 

Бұл жайында Тараз қаласында Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында өткен «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиялық кітабының 3 томына Жамбыл облысының қасиетті орындары мен кешендерін, киелі жерлері мен табиғи ландшафт ескерткіштерін, тарихи тұлғаларды енгізу туралы жұмыс тобының отырысында айтылды. 

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында республика көлеміндегі киелі жерлерге арнайы тоқталған болатын. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру бағытында өңірлік бағдарламаларға сәйкес бірқатар жұмыс атқарылуда. 

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы тізіміне 8 жалпыұлттық және 27 өңірлік деңгейдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді «Қасиетті жерлер» тізіміне қосты», - деді «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Қуаныш Дәурембеков. 

Оның айтуынша, «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасын» дайындау жобасы жүзеге асырылған. Киелі орындар туралы ақпарат алуды ыңғайлы ету үшін арнайы сайт жасалып, көпшілікке қол жетімді «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы мен жинақ кітабы 3 тілде баспадан жарық көрді. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы 2017-2018 жылдары «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы» тізіміне енген киелі жерлер, тарихи оқиғалар өткен қасиетті орындары, табиғи ландшафтың ерекше ескерткіштері және ұлттық құнды мәдени мұралары енгізілген «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының 1-2 томын шығарды. 

«Енді осы жұмыстардың жалғасы ретінде биыл «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы энциклопедияның 3-томын шығаруды жоспарлап отыр. Бұл том Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай облыстарына арналады. «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесі энциклопедияға Жамбыл облысынан мәліметтерді жинақтап, орталыққа ұсыну жұмыстарын жүргізуде. Арнайы жұмыс тобы да жасақталып отыр. Бұл томға Жамбыл облысынан 82 қасиетті нысан ұсынылады», - деді Қуаныш Кәрібайұлы. 

Осы жиында өлкетанушы, мәдениет саласының ардагері Әлібек Әмзеев кезінде аймақтағы көптеген тарихи жерді танытуға, насихаттауға қаржы тапшы болғанын жеткізді. 

«Дегенмен, тарихи нысандарды насихаттау бойынша қолға алынып отырған бүгінгі жұмыстар көңіл қуантады. Қырғыз Республикасымен шекараласатын тұста «Сандықтас» деген жер бар. Ол теңіз деңгейінен 3 200 метр биіктікте орналасқан. Онда көптеген балбал тастар кездеседі. Сол жерге жетуде үлкен мәселе бар. Мысалы, оған Қырғыз жақтан барған өте ыңғайлы. Ал Қазақстан аумағынан жету қиын. Бар-жоғы 10-15 шақырым жерге көлікпен шықсаңыз 4-5 сағатта әрең барасыз», - деді ол. 

Өлкетанушы осыдан бірнеше жыл бұрын Жамбыл облысында тарихи нысандарды зерттеу, онда табылған жәдігерлерді анықтау бойынша ғылыми-зерттеу лабораториясын ашуды ұсынғанын еске салды. Осыны қолға алса, біраз мәселенің түйіні тарқатылар еді. 

«Өңірдегі Тастөбе, Құмтиын, Қыз әулие сынды жерлер бейіттерге айналып барады. Оларды қазған сайын көптеген жәдігер табылуда. Қарапайым халық олардың құндылығын ескере бермейді. 

Ақкөлдегі сақ қорғандары жоғалып барады. Талас ауданында «Тектұрмас» деген киелі жер бар. Оны зерделеп жатқан ешкім жоқ. Тіпті, аудандардағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінде қызмет ететін тарихи-ескеркіштермен айланысатын мамандардың сауаттылығы төмен», - деп қынжылысын білдірді Әлібек Әмзеев. 

Жиын барысында Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов Талас ауданына қарасты Сейілбек ауылының маңындағы тарихи кешендер туралы ой қозғады. 

«Бір ғана Сейілбек ауылының маңында бірнеше тарихи кешен орналасқан. Ноғай Ишан кесенесі, Қарақожа мешіті, Бөлтірік Әлменұлының кесенесі, Қызыл қорған, Ілебай датқа кесенесі, Тұрар Рысқұловтың әкесі Жылқыайдардың қабірі... Осындағы Ілебай датқа сағанасы көз алдымызда қирап жатыр. Көңілден де, көзден де ғайып болуы мүмкін. Осыны қайта жаңғыртуға болар ма екен?», - деді Болат Үмбетәліұлы. 

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы Жамбыл облысында бірқатар жұмыс жүзеге асып жатқанын айтып, энциклопедиялық жинаққа енетін тарихи кешендердің белгілі бір аңызы болуы керектігін алға тартты. 

«Жалпы, біздің мақсат – ел аузындағы аңыз әңгімелерге сүйене отырып, туған жерді құрметтеу. Сондықтан жергілікті өлкетанушылардың материалдарын кеңінен пайдалану қажет. Өлкетану бойынша облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдардағы мектептерде музейлер ашу ісін қолға алған жөн. Оған жергілікті әкімдіктер мен аудандық музей қызметкерлері көмектеседі. Осылайша, мектеп оқушыларын өлкетану ісіне жұмылдырған ләзім», - деді орталығының басшысы. 

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, түгендеу жұмыстарын аса ұқыптылықпен жүргізіп, көптеген тың мәлімет алуға болады. Әулиеата уезіне қатысты қаншама материалдың беті ашылмай жатыр. Ресейдегі әскери мұрағаттан материалдарды алып келу жоспары да бар. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында солтүстік өңірдің орыстармен, батыстағы ағайынның түркімендермен, оңтүстіктегі қазақтардың қоқандармен күресінде қаншама тұлғалар шықты. Оларды да халыққа таныту керек. Оның бер жағындағы ашаршылық нәубеті, зардабы бар. Екінші дүниежүзілік соғыста із-түссіз жоғалған қазақстандық майдангерлер жайлы деректерді анықтау да бүгінгі буынның парызы.

Өзгелердің жаңалығы